ҚР Үкіметінің 28 маусымдағы қаулысымен Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Аталған кешенді жоспарда Есенов университетінің базасындағы Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (KINI) ғимаратының құрылысына 2025 жылға 10 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Yessenov университетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржыландыру тетігі нысаналы даму трансферт рәсімі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Есенов университеті неміс университтерімен бірлесе отырып аудиториялар мен қажетті зертханалардың санын белгілей отырып, құрылыстың жобалық тапсырмасын әзірлеген.
Сондай-ақ жергілікті уәкілетті органдардан жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы(СЖТ), тоқ, су, жылу және байланыс желілерін жабдықтау саласындағы желілерге қосуға арналған техникалық шарттар алынды.
Ғимараттың эскиздік жобасы Ақтау қаласы әкімдігімен келісіліп, бекітілді. Жобалау сметалық құжаты сараптамадан өтуге дайындалып жатыр. Жоба бойынша институт ғимараты 6 қабаттан құрылып, жалпы ауданы 25 960 м2 болмақ. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға құжаттары жолданған.
Естеріңізге сала кетейін, былтыр қыркүйек айында Yessenov University базасында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылды. Институт Маңғыстау облысындағы жасыл сутегі өнеркәсібінің қажеттіліктерін қанағаттандырып, Hyrasia Energy компаниясына мамандар дайындайтын болады.
Hyrasia Energy компаниясы (Svevind Energy GmbH еншілес компаниясы) Маңғыстау облысында "жасыл" сутегі өндіретін зауыт салу жобасын іске асырады.KINI неміс стандарттары бойынша болашақ баламалы энергетика және жаңартылатын ресурстар саласындағы инженерлерін дайындайды.