© Фото: kapital.kz
«ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес, қарызы бар тұлғалар банкроттыққа 2023 жылдың наурыз айынан бастап өтініш бере алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Андрей Смирнов заң азаматтардың қарыз жүктемесін азайту, қалыпты экономикалық қызметке оралу және әлеуметтік шиеленісті азайту мақсатында жасақталғанғандығын мәлімдеді.
-Заң дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілетсіздігіне байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады,- дейді Андрей Смирнов.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Базарбек Баймағамбетовтың айтуынша, заң рәсімдердің 3 түрін қарастырады - соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Оның айтуынша, барлық үш рәсімді тек борышкердің өзі бастайды. Яғни кредитор борышкерге қатысты рәсім қолдануға құқылы емес.
Бірінші рәсім: соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Соттан тыс банкроттықты азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:
⁃ банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5 520 мың.теңгеден аспауы және 12 ай ішінде өтелмеуі (яғни, 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын);
⁃ мемлекеттік тіркеуге жататын мүліктің жоқтығы (соның ішінде, жылжымайтын мүлік, жер және көлік құралдары);
⁃ банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаттың болуы.
Егер қарыз 5 жылдан артық өтелмесе - жоғарыда аталған барлық шарттар есептелмейді. Соттан тыс банкроттықты қолдану үшін, «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш беріледі. Содан кейін, ақпараттық жүйе арқылы борышкерге қатысты критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады.
-Екінші рәсімді 5 520 мың.теңгеден астам борыштары бар және басқа да қарыздың түрлері бойынша тұлғалар сот банкроттығын қолдана алады және де өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі, - дейді спикер.
Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, ол мүліктік массаға енгізілмейді. Яғни оны талап ете алмайды.
Қалған өтелмеген сома борышкердің мүлікті әдейі немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру және тағы басқа белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың құрамына:
• заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
• кәсіби бухгалтерлер;
• заң консультанттары;
• аудиторлар кіруге құқылы.
Рәсімді қолдану барысындағы шектеулер:
1. Мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру) бойынша мәмілелер жасауға тыйым салынады;
2. Рәсімді жүргізу кезеңінде шетелге шығуға тыйым салу жүзеге асады.
Үшінші рәсім - төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Бұл рәсімнің артықшылығы тұлға «банкрот» мәртебесін алмайды. Сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдар қолданылмайды. Спикердің мәліметінше, тұлға банкрот деп жарияланғаннан кейін оған бірнеше шектеулер қойылады. Олар:
⁃ банктерден және микроқаржы ұйымдарынан 5 жыл қарыз алуға тыйым салынады;
⁃ қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
⁃ банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау (мониторинг) жүзеге асырылады.
- Ескерте кететін жайт, алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу жөніндегі қарыздар есептен шығаруға жатпайды, - дейді Базарбек Баймағамбетов.