Бүгін Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен Жалау Мыңбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Елім деп өткен Ер Жалау!» іс-шарасы өтті.
Жалау Мыңбайұлы ескерткіші алдында өткен іс-шараға «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры, алаштанушы, профессор , ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының иегері Доқтырхан Тұрлыбек, Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, МО ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық зиялы қауым өкілдері, саяси партия өкілдері және Жалау Мыңбайұлының ұрпақтары мен жастар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
- Тарихсыз ұлт – тамырсыз ағаш секілді, не гүлдемейді, не жеміс бермейді. Сондықтан жастарға айтар тілегім – ата-баба еңбегін, олардың сара жолын ұмытпай, ұлт құндылығын ұлықтай біліңдер. Кез келген халықты жою үшін – тарих тамырын шапса жеткілікті. Ендеше елдігімізді сақтау үшін үнемі ізденісте болып, дамуды тоқтатпаңдар,- деді жиында сөз сөйлеген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жалау ата ұрпағы Сабыр Адай.
Жиынның басты мақсаты — Жалау Мыңбайұлының өнегелі өмірі мен ел үшін жасаған қызметін өскелең ұрпаққа жеткізіп, жастарға насихаттау, сондай-ақ Алаш арыстарының есімдерін ұлықтап, еске алу.
- Маңғыстау топырағына еліміздің өткен тарихын сапараптағалы келгенбіз. Осы сапарды Ж. Мыңбайұлы ескерткішінен бастадық. Өйткені елді жаңғырту, мемлекет құру секілді жасампаз идеядар бұл кісілердің ойынан ешқашан кетпеген. Жалау Мыңбайұлы – ұлтқа қызмет еткен тұлға. Біз осы топырақта кемінде 5 000 жыл тарихы бар ел болғанын білеміз. Соны біліп, өз алдына бөлек тарихын тереңге жайған ел құру жауапкерішілігін сезінген Ж. Мыңбайұлы заманының қиындығына қарамастан еңбектенген. Оның Түркістан автономиясы, Алаш автономиясы, Кеңестік автономияның бәрінде де қолтаңбасы бар. Ұлт тарихын, халықтың мәдени мұрасын арқалап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде де Ж. Мыңбайұлының еңбегі – зор,- деді «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры, алаштанушы, профессор , ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы.
Іс-шара барысында Алаш ардақтысы, қаламы қарымды журналист, публицист, қабырғалы қайраткер Жалау Мыңбайұлының өмірбаяны мен еңбек жолы айтылды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
- Маңғыстау – киелі өлке. Осы өлкеден шыққан не бір ғұламалар мен азаматтар бар. Соның бірі – Ж. Мыңбайұлы. Ол туралы тарихта беті ашылмаған не бір шындық бар, бүгінде алаштанушылар еңбек етіп, сол тарихты ұлтымызға жеткізуде. Менің осы кезге дейін Ж. Мыңбайұлы туралы деректі фильм жазсам деген арманым болған. Осыдан 1-2 ай бұрын ғана арнайы келіп, "Ардақты елі түркінің" атты фильм түсірдік. Басты кейіпкер – М. Шоқай мен Ж. Мыңбайұлы. Фильм барысында олардың достығы туралы айтылады,- деді Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының иегері Доқтырхан Тұрлыбек.