11-14 қазан аралығында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу шеңберінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Маңғыстау облысына іс-сапармен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
12 қазан күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Әнесұлы Өтемісов және Орталық сайлау комиссиясының бөлім басшылары Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында болды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы алдымен аудандық сайлау комиссиясы жұмысымен танысты. Содан соң С.Қондыбайұлы атындағы мемориалдық мұражайда 29 қазанда өтетін Маңғыстау ауданы №10 округ бойынша мәслихаттың шығып қалған депутатының орынына сайлауды дайындау және өткізу жөнінде кеңес өткізді.
Кеңеске Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Әбілов және облыстық комиссия мүшелері, аудан әкімі Ғ.Ниязов, аудан прокуроры А.Сейбағытов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Н.Махмутов, мәслихат төрағасы Е.Махмутов, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Н.Асылбаев және аудандық дербес бөлім басшылары қатысты.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров күн тәртібіндегі мәселе бойынша сайлау органдарының сайлауға дайындық барысымен танысып, бірқатар тапсырма жүктеді.