Маңғыстау облысы бейресми түрде футзалдың астанасы болып саналады. Өйткені, 2000 жылға дейін ұлттық құрамаға батыстың жігіттері жиі шақыртылған. Ал, бүгінде аймақта 200-ден аса әуесқой команда бар. Олар дәрежесіне байланысты бірнеше лигаларға бөлінген. «Жағымды жаңалық»командасының Президенті Нұрлан Қуанышбай жарыс туралы ой бөлісті:
-Бүгін тарихи оқиға, ерекше күн. Өйткені, алғаш рет БАҚ қызметкерлерінен құрылған команда әуесқойлар деңгейіндегі маусымға шығып жатырмыз. Біздің қатарымызда ҚР Журналистер Одағының мүшелері, Республикалық «КТК» телеарнасының өкілі, облыстық "Маңғыстау" телеарнасының қызметкерлері, «Маңғыстау медиа» ЖШС мамандары, ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі, Денсаулық сақтау басқармасына қарасты жекеменшік емхананың баспасөз маманы, Лада.кз сайтының өкілдері мен «Қоғамдық коммуникация орталығы» жігіттері бар - деді Нұрлан Қуанышбай.
Сондай-ақ, команданың белді ойыншысы, Республикалық «КТК»телеарнасының операторы - Бейбіт Арғынбаев та жарыс туралы сөз айтты.
-Мен осы «Жағымды жаңалық» командасында болғаныма қуаныштымын. Осыған дейін 1,5 ай бойы дайындалдық. Үлкен еңбек атқарылды. Енді бар еңбегімізді алаңда көрсету керекпіз. Бүгін алғашқы ойын. Бұрын мұндай деңгейде ойнамағасын өзімде де, кей жігіттерде де қобалжу бар. Дегенмен, командамен барымызды саламыз. Бұйырса жеңіске жетеміз, - деді Бейбіт Арғынбаев.
Айта кетейік, БАҚ құрамасы Маңғыстау облыстық әуесқой футзал федерациясының 3-лигасында өнер көрсетіп жатыр.