Жүргізушілер жол бойында тыйым салынған бағдаршамнан өту немесе мас күйінде көлік жүргізу сынды әр түрлі деңгейдегі құқық бұзушылықтар жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
2023 жылдың сегіз айында Маңғыстау облысы бойынша патрульдік полиция қызметкерлері 70 216 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 7 471 жүргізуші ұялы телефон пайдаланғаны үшін, 13 685 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тағу ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша 3558 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Осы кезеңде көлікті мас күйінде басқарған 591 жүргізуші, қарсы қозғалысқа шыққан 50 жүргізуші анықталды. Бұдан бөлек өзге де жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері тіркелді.
Полицейлер жүргізушілерге, әсіресе түнгі уақытта жаяу жүргіншілерге мұқият болуды ескертеді. Жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде, балалар күтпеген жерден жолға шығып кетуі мүмкін аймақтарда жылдамдықты алдын ала азайту керек. Жаяу жүргіншілер қозғалысына басымдық бермегені үшін 926 әкімшілік хаттама толтырылды. Маңғыстау облысында жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 6989 жаяу жүргінші ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша (Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуы) жауапкершілікке тартылды.