Маңғыстау облысы аумағында 15-26 қаңтар аралығында республикалық "Тұрмыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шара мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды уақытылы анықтау, сондай-ақ жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу.
Аталмыш шара аясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Ақшауов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына шұғыл әлеуметтік көмек көрсетумен айналысатын "Рай" орталығына барды.
Ақшауов орталық басшысымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ұсыныс-пікірлер айтылып, нақты шешімдер қабылданды. Сондай-ақ ол орталық тынысымен, жалпы ахуалмен танысты.
– Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында болатын құқық бұзушылықтар бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып тұр. Полиция тарапынан әрдайым бірлесіп жұмыс атқаруға және көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Б Ақшауов.
"Рай" орталығымен бірлескен жұмысты нығайту, құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында автокөлік жүргізушілері мен қоғамдық орындарда арнайы даярланған ақпараттық жадынамалар таратылды.
Ақпараттық жадынамалар түнгі мезгілде келіп түскен шақыртуларға бірінші болып баратын патрульдік полиция батальоны инспекторларына да берілді.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алуда жол сақшыларының атқаратын қызметі мол. Маңғыстау полициясы елімізде "111" сенім телефоны іске қосылғанын, оған қоңырау шалу арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болатынын еске салады.