
Жуырда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Yessenov Unіversity студенттерімен кездесті. Кездесуде сайлау органдарының жүйесі және оны қалыптастыру тетіктері, сайлау комиссияларын кәсібилендіру процесі, алдағы үш сайлау науқанына дайындық және оны өткізу барысы баяндалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ауыл әкімдерін, мандаттарын тапсырған мәслихат депутаттарын сайлау және пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жайлы жан-жақты мәліметтер жарияланды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мақсат-міндеттер жайына тоқталып, алдағы сайлау науқанының мән-маңызын түсіндірді.
– Ел тарихында алғашқы рет аудан және облыстық деңгейдегі қалалардың пилоттық режимде әкімдерін халық өзі сайлайды. Бұған дейін аудан әкімдерін облыс әкімі тағайындайтын, кейінгі кезде мәслихат депутаттары сайлап жүрді. Қазір енді сол аудан, қаланың халқы өз әкімдерін тікелей сайлайды. Бұл – саяси тұрғыдан алғанда үлкен жаңалық. Біздің орталық сайлау комиссиясы осы сайлау өтетін 45 өңірге барып, сайлауға дайындық барысын бақылап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп жатыр. Осы сайлауға қатысты өзгерістер былтыр ғана қабылданған Конституциялық реформаның аясында ензігілді. Сонымен қатар елімізде 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін сайлау жүріп жатқанын білесіздер. Халық өзі сайлайды — нәтижесін өздері көреді,- деді Н. Әбдіров.
Кездесуде орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау органдары жүйесінің қызметіне тоқталды. Қазір бұл салада үлкен өзгерістер орын алуда. Төраға сондай-ақ жуырда облыстық, аудандық мәслихаттарда өтетін сайлау жайын да баяндады.
– Қазір облыстық деңгейдегі комиссия құрамындағы 7 адам толығымен кәсіби деңгейде. Аудандық деңгейдегі комиссия құрамындағы 7 адамның үшеуі кәсіби жұмыс істейді. Мажоритарлық жүйе енгізілгеннен кейін аудандық деңгейдегі мәслихат құрамы толығымен партиялық тізімсіз, жеке адамдардан тұрады. Барлығы да партияға мүше емес, жеке тұлғалар. Бұрын депутат мандатын тапсырса, орнына сайланатын адамды партия өзі шешетін еді. Енді сайланған депутат жеке тұлға болғандықтан, мандатын тапсырған жағдайда, қайтадан сайлау өткізіледі. Осы жылдың 29 қараша күні сайлау өтеді. 19 наурызда сайланған мәслихат депутаттарының 25-і өз мандаттарын тапсырды. Оның төртеуі – облыстық деңгейдегі мәслихаттың депутаттары. Облыстық мәслихат құрамының 50 %-ы – партиялық тізіммен сайланған депутаттар болса, 50 %-ы – жеке тұлғалар. Сол төртеуі партиялық тізіммен сайланғандықтан партия келесі мүшелеріне мандатты ұсынады. Қалған 21 мәслихат депуттары жеке тұлғалар болғандықтан, 11 аймақта қайта сайлау өткізіледі, - деді ол.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов елімізде іске асырылып жатқан саяси реформалар туралы айтып, соның бір бағыты тікелей сайлау жүйесіне қатысты жаңалықтарды жария етті.
Айта кетейік, 2021 жылы 25 шілдеден бастап елімізде ауыл әкімдерін сайлау басталды. Қазіргі күнде ауыл әкімдерінің 75 %-ын халық сайлаған.
– Алдымызда үлкен сайлау науқаны бар. 5 қараша күні республика бойынша 45 аудан мен қалада әкімдер сайланады. Бұл – бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Осы сайлауда халық 42 ауданның, үш қаланың әкімдерін таңдайды. Біз осы іс-сапарымыздың аясында жергілікті сайлау комиссиялары өз жұмыстарын қандай деңгейде өткізіп жатырғанын бағамдап жатырмыз. Сонымен қатар біз сайлау жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлерді оқыту мәселесіне ерекше мән беріп отырмыз. Республика деңгейінде біз облыстық сайлау комиссияларының мүшелерін оқытамыз, олар өз өңірлерінде аудандық сайлау комиссияларының мүшелерін оқытады. Содан кейін негізгі жұмысты атқаратын учаскелік сайлау комиссия мүшелері оқытылады. Осы жүйені қарқынды түрде жүргізіп жатырмыз. Байқағанымыз – сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің кәсіби деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатыр, - деді Шавкат Өтемісов.