Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
2023 жылы 2,3 миллион адамға республикалық бюджеттен 3,3 триллион теңгеден астам зейнетақы төленді. Оның 1 триллион 16,6 миллиард теңгесі базалық зейнетақыны төлеуге, 2 триллион 297,4 миллиард теңгесі ынтымақты зейнетақыны төлеуге бағытталды.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақының өсімі 10,5 пайызды құрады (инфляция деңгейінен 2 пайызға озып). Сондай-ақ, күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды.
«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы – 37 876 теңге», – делінген министрліктің хабарламасында.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстандағы зейнеткерлердің саны 2 миллион 344 мың адамды құрайды.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға өсті. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс минимумының ұлғаюына, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің 60-тан 65 пайызға дейін, ең жоғары мөлшерінің 100-ден 105 пайызға дейін ұлғаюына байланысты ұлғайтылды.
«Осылайша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңгеден (2023 жылы) 86 068 теңгеге дейін ұлғайтылды», - делінген Еңбек министрлігі хабарламасында.