Каспий теңізін зерттеу институтын құруға шамамен 1,7 млрд теңге бөлінеді. Белгілі болғандай, ғалымдар бұған дейін жарияланған 300 миллион теңгенің жеткіліксіз екенін есептеп шығарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты mangystau.tv сайтына сілтеме жасап.
Ғылыми-техникалық базасы бар бір кемені сатып алу 100 миллион теңгеден асады дейді қазақстандық зерттеушілер. Бұл сома Каспий сарапшыларының Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрімен кездесуінде нақтыланды. 1,7 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру еліміздің Экономика министрлігінің мақұлдауын күтуде, деп хабарлады қазақстандық ғалым Нұрлан Мұңбаев.
– Ғылым және білім министрлігі ғылыми зерттеулерге, жобаларға грант түрінде қолдау көрсетеді, алмасу бағдарламалары болады. Өйткені бұл институт халықаралық коммерциялық емес акционерлік қоғам болады. Яғни, ол үкіметтің қолдауына ие бола тұрып, бәрібір ақша табады», - дейді ол.
Қазақстандық ғалымдардың айтуынша, институт филиалы орналасатын Маңғыстау және Атырау университеттерінің оқытушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетіледі. Институт Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын зерттейді; су деңгейінің төмендеуі проблемасы, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептері, Каспий итбалығы популяциясын және бірегей ихтиофаунаны сақтау мәселелері. Сонымен қатар, институт судың ластануы туралы ақпарат беруді жоспарлап отыр. Басқа да Каспий маңы елдерімен тығыз қарым-қатынас орнату көзделеді.