Жолдау – елдің жолбасшысына айналған маңызды құжат. Әр саланың жетістігі мен кемшілігін саралап, ертеңіне бағыт-бағдар беретін әр жолдауды қоғамның шынайы айнасы десек шындықтан алыстай қоймаймыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында сот саласын, құқықтық құрылымдар жұмысын жандандыру мәселесі назардан тыс қалмаған. Құжаттың бесінші бөлімі осы салалардың дамуын жеделдетіп, қадамын нықтауға бағытталған. Ал бұл тапсырмалар бойынша өңір соттарында қандай шаралар қолға алынып, қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр? Сауалдарымызды Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметұлына қойған едік.
– Мемлекет басшысы елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот реформаларын сапалы жүзеге асыру мәселелерін назардан бір сәтке тыс қалдырған емес. Бүгінде елімізде әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасқан. Осы орайда сот жүйесіндегі реформалардың жүзеге асуы, жалпы соттағы жаңашылдықтарға тоқталып өтсеңіз?
– Ешкімнің еріккеннен сотқа жүгінбесі анық. Құқығы мен мүддесі тапталып, «Басқа барар жері, басар тауы» қалмаған азаматтар ғана соттан шырылдап шындық іздейді. Біздің мақсат – сол шындықтың түбіне жетіп, нүктесін әділ қоя білу. Мемлекетіміздегі заңдылық, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтар, мемлекет және қоғамдық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін мүлтіксіз қорғау. Сондықтан, қолжетімді сот төрелігін қалыптастырып, сот жүйесін реформалау мемлекет басшысының жіті назарында.
1995 жылы Конституцияда сот билігін мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретінде жүзеге асырудың негіз¬дері айқындалып, елімізде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны, судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатыны көрсетілді. Сот билігі және оны жүзеге асырудың кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Егемендіктің бесігінде тербелген тәуелсіз елімізде мамандандырылған соттар бой көтеріп, инвес¬тициялық сот өндірісі құрылды. «Медиация туралы» Заң қабылданып, билердің салған сара жолы қайта жаңғырып, дауларды бітіммен шешу жолға қойылды. Соңғы он жылдықта процестік заңдар түбегейлі жаңартылып, жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік кодекс-тер және Әкімшілік құқық бұзушы¬лық туралы кодекс, жаңа редакциядағы Азаматтық про¬цестік кодекс күшіне енді. Ал, 2018-2021 жылдары 31 заң жобасы әзірленіп, оның бірнешеуі қабылданып, заманға сай жаңарған заңнамалар өміршеңдігін көрсете білді.
Өткенге көз салсақ, бір арыз беру үшін азамат сотқа арнайы келіп, ұзын-сонар кезекке тұратын. Кезегі келсе арызын тапсырып, келмесе бар шаруасын келесі күнге жылжытуға тура келетін. Әсіресе, қаладан, ауданнан қашықта орналасқан ауыл тұрғындары үшін бұл тиімсіз еді. Қазір сот жүйесі толығымен цифрландырылып, халық сотқа келмей-ақ, арыз-шағымын «Сот кабинеті» сервисі арқылы бере алатын күнге жетті. Бұрын «Сот кабинеті» сервисі компьютері мен электронды сандық қолтаңбасы барларға қолжетімді болса, қазір «Сот кабинеті» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Ұялы телефоны бар кез келген сотқа жүгінуші үшін мобильдік қосымша қолжетімді. Маңғыстау облыстық соттарына «Сот кабинеті» арқылы есепті кезеңде барлығы 8480 арыз түскен, оның ішінде 7342 талап арыз тіркелген. Одан бөлек, «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды», - демекші, тараптар қашықтықтан онлайн сот отырысына қатыса алады. Сот отырысы залдары толығымен дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот процестері «тайға таңба басқандай» дыбыс-бейнежазбаға таңбаланады. Сандық технология сот төрелігін заманауи сатыға көтеріп, адамдардың уақыты мен жолға жұмсайтын шығынын азайтып отыр.
Тағы бір жаңашылдық, «Мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша азаматтардың мемлекеттік органдармен дауларын қараудың жаңа ережелерін белгілейтін әкімшілік әділет институты енгізілді. Ғасырға бергісіз жылдар ішінде жүзеге асырылған реформалардың мақсаты – қоғам үшін ашық әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру. Сондықтан, соттағы жаңа бастамалар оң нәтижесін беру үшін табанды жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде сотқа деген халықтың қолжетімділігі қамтамасыз етілді.
– Жоғарыда әкімшілік әділет институты туралы атап өттіңіз. Аталған реформаның мақсаты мен нәтижесі қандай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әкімшілік әділет құрылымын енгізуді, сөйтіп «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырамдамасын жасауды тапсырған болатын.
Еліміз нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін қоғамның түрлі салаларында туындаған даулардың кейбірінде азаматтар мемлекеттік органдармен, лауазым иелерінің шешімдерімен келіспей жатады. Алайда, азаматтар сотқа жүгінгенде оларға қарсы тұратын көптеген сарапшылары, заңгерлер аппараты бар мемлекеттік орган мен қарапайым азаматтың мүмкіндіктері салыстыруға келмейді.
Нәтижесінде, азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғау мақсатында 1 шілде 2021 жылдан бастап жаңа Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіліп, республикамызда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар, сондай-ақ, облыстық соттарда әкімшілік істер жөніндегі алқалар жұмысын бастады. Аталған әкімшілік соттар жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, яғни мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы дауларды қарайды. Сондықтан, азаматтар мен бизнестің құқықтарын мемлекеттік органдардың қыспағынан қорғауды көздейтін әкімшілік соттарды әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттармен шатастырмаған жөн.
Бүгінгі таңда азаматтар да сотта өз талабының дұрыстығын дәлелдеп жатпайтыны, дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органға жүктелетіні біршама жеңілдік тудыратынын айтуда. Ал, судьялар соттың белсенді рөлі қағидаты негізінде талап арызбен жүгінген әр азаматқа арыздағы талаптарын дұрыс көрсетуге, оның түрін өзгертуге дейін көмектесіп, тараптарға көмек ретінде жекелеген құқықтық мәселелер бойынша алдын ала өз пікірін білдіруге құқылы. Нәтижесінде, әкімшілік әділет институты тәжірибеге енгелі республика бойынша әкімшілік соттарға 30 мыңға жуық арыз түсіп, мемлекеттік органдар істердің 60 пайызы бойынша адамдар мен бизнеске ұтылған. Ал, өңір бойынша жыл басынан бері барлығы 557 әкімшілік талап қою түскен. Былтыр бұл көрсеткіш 359-ді құрады. Оның ішінде, Маңғыстау облысының МАӘС-на – 531, Жаңаөзен қалалық сотына – 17, Мұнайлы аудандық сотына – 7, Қарақия аудандық сотына – 2 талап қою келіп түскен. Маңғыстауда әкімшілік істер бойынша ең көп түскен талап қоюлардың қатарында сот орындаушыларының әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау, мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар, салық, жер даулары бар. Ал, түбек бойынша жыл басынан бері 28 тұлғаға ақшалай өндіріп алу қолданылса, оның басым көпшілігі жеке сот орындаушыларына, мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге талап қою бойынша сотқа жазбаша пікірлерін дәлелді себептерсіз мерзімінде ұсынбағандары үшін қолданылған.
– Маңғыстау облыстық сотының көптеген іс-шараларға мұрындық болғанын көріп, сүйсініп отырамыз. Өңір соттарындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
– Құшағына 362 әулиені сыйғызып, бойына құт дарыған киелі мекен Маңғыстау өңіріне келіп, осы өлкеден шыққан – Есен Ермембет, Жары Мәтжан, Иса атты би-шешендердің сара жолын жалғау маңдайға бұйырған екен. Түртіп қалсаң тау-тасы да сөйлеп кеткелі тұрған қазыналы түбекте абыройлы қызмет ету, азаматтардың бұзылған құқықтары мен мүдделерін заңды әрі негізді қорғау басты борышым деп білемін.
Қазақ халқы қашанда білімді ұрпақ өсіруді, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбилеуді мақсат тұтқан. Түбектегі «құқықтану» мамандығы бойынша білім беретін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне іс сапармен барып, студенттермен кездесу өткізілді. Сот пен университет арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында судьялар мамандардың оқу үрдісіне және дуалды оқытуға, мемлекеттік аттестациялық және емтихан комиссияларына қатысатын болды. Бүгінгі таңда өңір соттарымен студенттердің сот төрелігін жүзеге асыру бағытындағы ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетіліп, болашақ заңгерлер ашық сот отырыстарына қатысып, тәжірибелерін шыңдауда. Сондай-ақ, «24 маусым – Судья және сот қызметкері» күніне орай Ақтау қаласында орналасқан саябаққа қырыққа жуық көшет отырғызылып, өмірден өткен судьялар мен сот қызметкерлерін еске алу мақсатында жағажай волейболынан жарыс өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, республика бойынша соттарды біріктіру бойынша жұмыс жүргізіліп, Жаңаөзен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты таратылып, бұл соттың құзіретіне жататын сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері Жаңаөзен қалалық сотына берілді. Бұл жаңашыл әдіс істерді бөлуді жеңілдетіп, судьяларға түсетін жүктемені теңестіреді. Өткен жылы құрылған әкімшілік әділет институтының қолданысын кеңейту, аталған санаттағы істерді сапалы қарау мақсатында бірнеше рет мемлекеттік органдар, сот орындаушылар, адвокат, медиаторлардың қатысуымен іс-шаралар өткізілді. Облыстық деңгейде сот жүйесінің қызметін жақсарту, жетілдіру бағытында әлі де атқарылар жұмыстар көп.
– Елімізде «Медиация туралы» Заңның қабылданғанына да он жылдан астам уақыт өтіпті. Соттарда тараптарды татуластыру бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталсаңыз? Тараптарды татулыққа шақыруда медиаторлар қаншалықты белсенді?
– Сот жүйесінде «Медиация туралы» Заң қабылданғалы ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Себебі, «Дау мұраты – бітім», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Бірлігі жоқ ел тозады, Бірлігі күшті ел озады» деген сөздермен сусындап өскен ұрпақ үшін татуластыру рәсімдерінің қайта оралуы сот жүйесі үшін мәртебе. Осылайша елімізде тұтас ұлттың бірлігін сақтаған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидей дара тұлғалардың салған сара жолы қайта жаңғырды. Мемлекет басшысы «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға ке¬луге жол ашады», - деген еді. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асанов «Сот төрелігінің жеті түйіні» атты жеті басым міндетті анықтап, әрбір бағыты бойынша жемісті жұмыстар жүзеге асырылды. Жеті түйіннің бірі «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы деп аталды. Аталған жобаның аясында өңірде дау-жанжалды сотқа жеткізбей реттеу мақсатында медиация кабинеттері, татуластыру орталықтары, фронт-офистер ашылып, Билер кеңесі құрылды. Осы орайда, Маңғыстау облысында татуластырушы судьялардың белсенді атсалысуымен даулардың 45,6 пайызы татуласумен аяқталған. Тарқатып айтсақ, ағымдағы жылдың 9 айында тараптардың татуласуына байланысты 1431 азаматтық іс сотта қысқартылды, яғни сотқа жүгінген азаматтар немесе бизнес өкілдері дауды ушықтырмай, бітімге келе білді.
Өкінішке қарай, соттарда атқарылып жатқан осындай жұмыстарға қарамастан, медиация қызметі қоғам күткен деңгейге шыға алмай отыр. Бұл мәселе тек Маңғыстау өңірінде емес, республиканың басқа да өңірлерінде байқалуда.
Осы жылдың қазан айында Маңғыстау облыстық соты Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесе отырып, медиацияны қолдану тәжірибесі және медиаторлардың қызмет аясын кеңейту мәселелері бойынша «Медиация – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі» тақырыбында облыс әкімдігі, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, медиаторлар, заңгерлер, Билер кеңесі өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара барысында медиаторлардың араласуымен шешіліп жатқан даулардың мүлдем аздығының басты себебі ретінде азаматтардың ақы төлеу қабілетінің төмендігі көрсетілді. Медиаторлар медиация шартын жасаған жағдайда сыйақысын тараптармен өздері келіседі. Бірақ, кейбір санаттағы, мысалы мүгедек адамдарға, әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын топтарға жататын адамдарға тегін көмек көрсеткен жағдайда олардың еңбегін мемлекет тарапынан өтеу мәселесі қарастырылмаған, ол шығындарды медиаторлар өздері көтереді.
Осы орайда, медиатор қызметі халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобына қолжетімді болуы үшін медиация институтының адвокаттармен көрсетілетін тегін заң көмегіне ұқсас әлеуметтік моделін жасақтау мәселесін қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар, медиаторлар қызметін реттейтін аумақтық деңгейде орган жоқтығы да өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Сондықтан, адвокаттар алқасы, нотариустар, жеке сот орындаушылар, заңгерлер палаталары іспеттес медиаторларды ортақ біріктіретін республикалық және аумақтық деңгейдегі орган құрылса нұр үстіне нұр болмақ.
«Көш жүре түзеледі», - демекші алдағы уақытта медиция рәсімдері бойынша күрмеуі көп мәселелер оң шешімін табады деген ойдамын.
– Мемлекет басшысы «Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет» деген болатын. Сот актілерінің сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесімен бөліссеңіз?
– Сот шешімі – судьялардың жұмысының басты көрсеткіші. Өткенге көз салсақ, бұрын заң терминдері және шұбалаңқы сөздермен жазылған сот шешімдерін қарапайым адам түсіне бермейтін. Өздеріңізге белгілі, сот шешімдерінің сапасының сын көтермеуі судьяларға қатысты тараптардың арыз-шағымдарын көбейтіп, апелляциялық шағымдардың өсуіне әкеліп соғады. Сондықтан, сот актілерінің құрылымы мен сапасын жақсарту, судьялардың әдеби тіл нормаларын сақтау, заң терминдерін орнымен пайдалану мақсатында сот актілері¬нің жаңа параметрлері жасалып, 2019 жылы Жоғарғы Сот сот актілеріне қатысты нормативтік қаулыларды қабылдады. Сот шешім¬дері мен үкімдерінің мазмұнына, құрылымына, тіліне қатысты талап¬тар өз¬гертілді. Оның негізінде сот шешімдері көпшілікке түсінікті әрі қарапайым тілде жазылып, судьялар сот отырысы аяқталған сәтте шығарған сот шешімін түсіндіруді қолға алды. Сондай-ақ, өңір судьяларына сот актілеріндегі кіріспе, сипаттау, уәждеме, қарар бөліктерді қалай жазу керектігі бойынша семинар-тренинг өткізілді. Жоғарғы Сотымен судьяларға әдістемелік көмек ретінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер, соның ішінде мемлекеттік тілдегі актілердің үлгілері бойынша кітаптар шығарылды. Нәтижесінде, сот шешімдері мен үкімдеріне қатысты жолданатын шағымдар 30%-ға азайған. Осы орайда, 25 қазан – Республика күніне орай Маңғыстау облысы соттары арасында ең үздік сот актісі, ең үздік сот актісін түсіндіру бойынша байқау өткізіліп, Ақтау қалалық соты, Маңғыстау облысы мамандандырылған әкімшілік соты, Ақтау қаласының №2 соты, Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соты, Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының жекелеген судьяларының шығарған, түсіндірген сот актілері үздік деп танылды. Болашақта судьялар арасында дәл осы байқауды жыл сайын өткізуді дәстүрлі іс-шараға айналдырсақ деген ойымызда жоқ емес.
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында сот саласына қатысты тапсырмалар бар. Осы ретте Жолдаудағы тапсырмалар мен міндеттер туралы ойыңызды білсек?
– Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауының бесінші бағдары «Заң және тәртіп» деп аталған. Маңызды құжатта мемлекет басшысы қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажеттігін назарға алып, сот жүйесінде атқарылуы тиіс міндеттерді екшелеп көрсеткен. Сондай-ақ, жолдауда Президент «Қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», - деген болатын. Әрине, судьялар мемлекеттің атынан шешім шығаратындықтан, сот корпусына деген талаптың күшеюі құптарлық. Жауапкершілігі ауыр қазылық жолды таңдаған әрбір судья ақ пен қара таразыға тартылған сыни сәтте туралықтан танбай, әділетті төрелік ете білуі қажет. Сондықтан, алдағы уақытта «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауызбіршілікте жолдау жүктеген міндеттерді орындауға үлес қосуға әрдайым әзірміз. Азаматтардың құқығы мен бостандығы жеткілікті деңгейде қорғалған елде ғана сотқа деген жоғары сенім қалыптасады. Қорыта айтсақ, біздің мақсат – еліміздің сот төрелігін сапалы жүзеге асыру арқылы қоғамның сотқа деген қолжетімділігін арттыру.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ