Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы және Дін істері басқармасының дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығының ұйымдастыруымен облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Турнирге аудандық және Ақтаудағы кәсіптік-техникалық оқу орындарынан келген 20 фракция қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушыларға жалпы 12 тақырып беріліп, турнир бес кезеңге созылды. Барлық кезеңде сөзден сүрінбей, жүзден жүйрік шыққан 2 команда финалға жолдама алды.
Финалда "Болашақ" колледжінен келген "Ой зерек" және Маңғыстау туризм колледжінен келген "Алау" фракциясы сынға түсіп, өзара үздікті анықтады. Олар "Қазақ халқы үшін ең құнды салт-дәстүр" тақырыбында пікірталас өткізді.
Нәтижесінде ізденісі мен дәлелі, сөз саптауымен көзге түскен "Алау" фракциясы облыстық пікірсайыс турнирінде топ жарды. Ұйымдастырушылар тарапынан 70 мың теңге қаржылай сыйлық пен диплом табысталды.
Ал 2-орынға "Ой зерек" фракциясы ие болды. Жүлделі 3-орын Ш. Есенов атындағы колледжі студенттерінен құралған "Ұшқыр ой" фракциясына бұйырды.
Сонымен қатар турнир барысында "Үздік спикер" және "Үздік төреші" анықталды. Олардың қатарында "Үздік спикер" номинациясымен Ш. Есенов атындағы колледжінің студенті Ернар Елдібаев, "Үздік төреші" номинациясымен Айдана Нәбиева марапатталып, арнайы кубок табысталды.