Ақтауда VIII сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының кезекті үшінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде өңірді дамытуға және экономиканың түрлі салаларын қаржыландыруға қатысты бірнеше мәселелер қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия отырысында қаржы басқармасының басшысы Светлана Нарешова 2022 жылғы облыстық бюджеттің қорытындылары туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2022 жылғы жергілікті бюджет 302 млрд.теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңына нақтыланған жоспар 376 млрд.теңгені құраған. Облыстық бюджет шығыстары 187 млрд.теңгеге немесе 93,7%-ке орындалған.
Білім беру саласындағы шығыстар 160 млрд теңгені құраған. Облыстағы үш ауысымды оқытуды жою мақсатында Ақтаудағы 31 А шағынауданда және Мұнайлы ауданында 1800 орындық 2 мектеп салынған. Сонымен қатар, мектептерге екі қосымша ғимарат пайдалануға берілген, бұл өз кезегінде 624 оқушыға орын тапшылығын жоюға мүмкіндік туғызған. 1 617 орындық 21 жекеменшік балабақша пайдалануға берілген. (Ақтау - 14, Жаңаөзен - 3, Маңғыстау - 1, Мұнайлы - 1, Түпқараған - 2). Нәтижесінде 2022 жылы 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 100%, 2-6 жастағы балаларды қамту - 84,9% құраған.
2023 жылы 12 205 студентке стипендия төленген және жоғары оқу орындарында оқу үшін облыс әкімінің 175 гранты бөлінген.
Денсаулық сақтау саласындағы шығыстар 9 млрд теңгені құраған.
Халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге 448 млн теңге, вакциналар мен иммунобиологиялық препараттарды сатып алуға - 2,7 млрд теңге бөлінген.
Денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,2 млрд теңге бөлініп, 805 бірлік медициналық жабдық сатып алынған. «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы аясында бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлініп, 754 азамат қамтылған.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 4 724 адам оқытылған. Сонымен қатар, ақылы қоғамдық жұмыстармен 6 580 адам, жастар практикасымен-1 144 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен – 580 адам қамтылған. Осы іс-шаралардың барлығына бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген.
- Мәслихат депутаттары халықпен қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады, адамдардың өтініштерін тыңдайды, олардың мәселелерін шешу үшін тиісті органдарға жібереді. Бүгінде атқарылған жұмыстардың арқасында облыстың бірнеше өзекті мәселелерін шешуге республикалық бюджеттен қаражат көзделген. Бұл қаражат мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша бөлінген. Мемлекет Басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев өңірдің өзекті мәселелеріне, инфрақұрылымдық және әлеуметтік салаларға, ауыз су және ауыл шаруашылығы мәселелеріне, үш ауысымды мектептерге назар аударуды тапсырды, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.