Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қаржылық сауаттылықты арттыру туралы тегін семинар өтті. Шара «Халықтың қаржылық, құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру» жобасы аясында өткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шарада спикер, қаржылық кеңесші Әсел Түлеуғалиева қаржылық сауаттылық бойынша бірнеше тақырыптарды қозғады. Атап айтқанда, қаржы саласындағы 20 жылдық тәжірибесі бар маман қатысушыларға отбасылық бюджет, қаржылық жоспар және қор туралы айтып, бюджетті қалай қадағалау керектігін түсіндірді.
-Негізгі мақсат - халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру. Мемлекет тарапынан осындай жобаларға қолдау көрсетіліп отырғанына қуаныштымын. Қазіргі таңда адамдар несие төлеп білгенімен, қаражатты жинау мәдениетін білмейді. Осы семинарда мен қатысушыларға қаражатты жинау мәдениетін қалыптастыру және қарыздан қалай құтылу керегін айттым, - деді қаржылық кеңесші Әсел Түлеуғалиева.
Шараға қатысқандардың бірі Салима Жауғаштыева. Ол жеке кәсіп бастауды жоспарлап отыр екен. Салима Жауғаштыева спикерге және шара ұйымдастырушыларына алғысын айтты.
-Семинар жоғары деңгейде өтті. Жеке кәсіп бастауды жоспарлап отырмын. Сол бағытта қаржылық лайфхактарды үйрендім. Өзіме пайдалы кеңестер алдым. Қаржылық кеңесші Әсел Түлеуғалиеваға және шара ұйымдастырушыларына рақмет!, - деді қатысушы Салима Жауғаштыева.