Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша штаб отырысы өтті. Жиында қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің және әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындық мәселесі талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Жиынға «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, қаладағы магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмысын жүргізіп отырған «Алматыинжстрой» АҚ, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері, қаладағы білім беру ұйымдарының басшылары, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы және қала әкімдігінің жауапты бөлімдері қатысты. Отырыста Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов жылыту маусымына дайындық жұмыстары бойынша баяндама жасады. Спикердің айтуынша, қазіргі таңда 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шара
жоспарларына сәйкес жүргізілуде.
-Әлеуметтік нысандардың дайындық
паспорттарын жылыту маусымына дейін толықтай алу жоспарлануда. Қалада жалпы 1291 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 65%-ы ревизиядан өтті. Құбырды жуып-шаю жұмыстарын жүргізу мақсатында бөлім тарапынан тиісті кесте жасақталды. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланды, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Қала әкімі мекеме басшыларына әлеуметтік нысандарға жылу бойынша қызмет көрсететін мекемелерде қажетті мамандардың болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
-Бірінші кезекте қала тұрғындары сапалы жылуды алуы керек. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен қалада 11,3 км магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың да жылумен қамтамасыз етілуін бақылау қажет. Атап айтқанда, білім, медицина, мәдениет спорт нысандарын жылу мәселесін мекеме басшылары қатаң бақылауға алыңыздар. Келісім-шартқа отырған қызмет көрсететін мекемелеріңізде барлық қажетті мамандар болған жөн. Жылу бойынша барлық орын алуы мүмкін мәселенің алдын алу қажет. Жылыту маусымына дайындықты күшейтіңіздер, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.