25 қазан - Республика күні Ақтауда даңқты желаяқ, жеңіл атлетикадан алты дүркін КСРО чемпионы, өткен ғасырдың 60-жылдары Олимпиада рекордын жаңартқан Әмин Елемесұлы Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойына орай "Aktau marathon - 2022" бастау алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Спорттық іс-шараны "Kasakh Tourism" ҰҚ" АҚ, Маңғыстау облыстық әкімдігі мен өңірлік жеңіл атлетика федерациясы ұйымдастырды. 10 және 21 шақырымды еңсеурге жасы 16 мен 18 жастан асқан жандар ниет танытқан. Мәлім етілгендей, марафон алдын-ала бекітілген бағыт бойынша Амфитеатр алаңы аумағынан басталады, соңғы меже де осында.
Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызға ие басымдықтарының бірі ретінде бұқаралық спортты ілгерлету мен ұлт саулығын бекемдеуді мақсат еткен іс-шараға Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев және қазақ спортына еңбек сіңірген қайраткер Әмин Тұяқов және жұбайы Алма Досынбаева қатысты.
Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев спорттың жеңіл атлетика саласы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш чемпион Әмин Тұяқовты құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ол мұндай спорттық іс-шаралардың салауатты өмір салтын насихаттауда зор маңызға ие екендігін айтып, марафоншыларға сәттілік тіледі.
Жыл сайын Әмин Тұяқовтың құрметіне республикалық «Әминиада» жарысы өткізіледі. Биыл даңқты желаяқтың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында ауқымды жартылай марафон өткізу жоспарланды. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында Астана қаласында Халықаралық іс-шара өткізу жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, жартылай марафон-жеңіл атлетика дисциплинасы, бұл толық марафонның жартысына яғни (42 км 195 метр) — 21 шақырымға қашықтыққа жүгіру. Қазіргі таңда 21 шақырымдық жартылай марафонға 400 қатысушы, ал 10 шақырымдық қашықтыққа 600-ден астам қатысушы тіркелді.
Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Түркия, Ресей, Әзірбайжан, тіптен АҚШ, Қытай мемлекеттерінің де қатысушылары тіркелген. Тіркеу 2022 жылдың 21 қазанына дейін жоспарлаған, бірақ жоспар 17 қазанда мерзімінен бұрын орындалды. Сонымен қатар, әр қашықтыққа тағы 50 орын қосылған.
Жартылай марафонның бағыты былай болмақ:
10 шақырымдық қашықтық бағыты:
Амфитеатр алаңынан басталып 4 ш.а. 4 үйдің жанында автобус аялдамасының алдындағы бұрылысына дейін және сол жолмен қайтадан Амфитеатрға қарай мәреге дейін. Уақыт шегі - 2 сағат.
21,1 шақырымдық бағыты:
Амфитеатр алаңынан басталып,
4 ш.а, 4 үйдің жанынан өтіп, әрі қарай Ақтау қаласы әкімдігінің жанындағы бағдаршамнан оңға бұрылып, "Ақбота саябағының" артына, одан әрі Приморский ауданына қарай, Достар жағажайынан кейін жағалау бойымен жүгіру керек, ал одан әрі әскери бөлім тұсынан, 10,5 шақырымында бұрылу нүктесі болады. Амфитеатрға дейінгі бағыт бойынша кері мәреге қарай. Уақыт шегі-4 сағат.