Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Өзбекстан азаматы Н. Қибасов тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін елден кетуден жалтарғаны үшін ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оны елден шығарып жіберу жазасы қолданылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ел заңнамасына сәйкес сот шешімімен елден шығарылған тұлға бес жылға дейін қайта Қазақстан Республикасына кіре алмайды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы Н. Қибасовтың «қандас» мәртебесін алғанын және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттар рәсімдеп жатқанын ескеріп, оған тағайындалған жазаны жеңілдету туралы кассациялық наразылық келтіру жөнінде Бас прокуратураға ұсыну енгізген.
Бас прокуратураның наразылығы бойынша Жоғарғы Сот аталған сот қаулысының күшін жойып, істі жаңадан қарауға жолдаған.
«Істі жаңадан қарау нәтижесі бойынша сот Н. Қибасовқа айыппұл салынып, елден шығару жазасы қолданылмады», деп жазылған Маңғыстау облысының прокуратурасы таратқан ақпаратта.