Ақтау әуежайында көлік полицейлері бір миллион теңгеге жуық алтын бұйымдарды ұрлаған жүк тиегіш қызметкерін ұстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Күдікті Ақтау-Анталия және Ақтау-Алматы рейсінің екі жолаушысынан бағалы бұйымдарды ұрлаған. 41 жастағы Ақтау-Анталия рейсінің жолаушысы Маңғыстау стансасындағы желілік полиция бөліміне багаждағы алтын бұйымдардың (неке жүзігі, сырға, білезік, шынжыр) ұрланғанын айтқан. Осыған ұқсас арыз Алматы қаласының 42 жастағы тұрғынынан да келіп түсті. Ол Ақтау-Алматы рейсімен келген бойда багажынан алтын бұйымдардың (сырғалар мен сары және ақ алтыннан жасалған сақина) жоқ екенін байқаған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы - 930 000 теңге.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полицейлері 30 жастағы әуежай жүк тиеушісін анықтады. Күдікті Маңғыстау облысының тұрғыны. Ол кінәсін мойындады. Айғақты заттар тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді көлік ПД басқармасының басшысы Оңал Бекиев.