Қатты қалдықтарды сұрыптау кешені Ақтау қаласынан 52 шақырым қашықтықтағы Түпқараған ауданында орналасқан. Алғашқыда кәсіпорында мұнай қалдықтары өңделген болатын. Енді 2023 жылдың аяғына дейін мекеме кеңейтіліп, пластик, шыны, көліктің дөңгелектері және т.б қатты қалдықтарды сұрыптайтын орталық болады,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жоба құны - 700 миллион теңге. «Ecsad» ЖШС жеке инвестиция есебінен жобаны жүзеге асырады.
- Компания қалдықтарды сұрыптап, кәдеге жаратудың 3 тәсілін қолданады: биологиялық, физика-химиялық, термикалық. Жоба қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Себебі көп қалдық экологияны ластайды,-деді «Ecsad» ЖШС басшысы Азамат Тағанов.
Жалпы қалдықтарды сұрыптау, қайта кәдеге жарату жұмыстары Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және Қарақия, Бейнеу аудандарында жүргізіледі.
2021 жылы облыс бойынша 132 360 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 35 787 тоннасы сұрыпталды. Ал 2022 жылдың екінші жартыжылдығында 125 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңдеуге жөнелтілді.
Облыста қалдықтарды қабылдайтын 12 пункт бар. Қалдықтарды бөлек жинаумен және сұрыптаумен айналысатын 10-нан астам шағын бизнес субъекті бар.
Сондай-ақ Мұнайлы ауданындағы полигон маңынан құрылыс қалдықтарын жинап, қайта өңдейтін орталық құрылысын бастау жоспарланған. Қазір құзырлы орындар аталған жобаны жүргізу мақсатында жер учаскесін беру жұмыстарын қарастыруда.