Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтау қаласы әкімдігі халыққа қолайлы мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну мақсатында «Ашық әкімдік» форматында жұмыс істей бастады. Бұл жоба - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Осы мақсатта тұрғындар үшін қалалық әкімдік ғимаратының жанында орналасқан қызмет көрсету орталығында, арнайы электронды кезек қызметі қосылған. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелері бойынша кеңес беріп, қызмет көрсететін болады. Келушілер үшін арнайы e-gov порталына қосылған компьютерлар орнатылған.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасарлары мен әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс жасау үшін арнайы бөлмелер ашылды. Онда әкімнің орынбасары өз салалары бойынша азаматтарды жеке мәселелері бойынша күнделікті қабылдайтын болады.
Сонымен қатар, Ақтау қаласы әкімдігі мен Маңғыстау облысы «Арнайы мониторинг топ» арасында қала аумағында заңсыз жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу бойынша екі жақты меморандумға қол қойылды.