Биыл Маңғыстауда 20-дан астам қызметкер жаңа лауазымға ие болды. mangystaumedia.kz сайтының есебінше, оның қатарында 3 аудан әкімі, 2 қала әкімі, басқарма басшысы және прокурор, полиция департаменті басшылары бар. Ендеше, жаңа қызметті тізгіндеген кадрларға көз жүгіртейік.
Биыл жыл басында өңірдің бас полицейі ауысты. Ақпанда Маңғыстау облысы Полиция департаментінің жаңа бастығы болып Аян Дүйсембаев тағайындалды. Ол 1999 жылдан бастап Ішкі істер органдарында қызмет етті. Жаңа лауазымына дейін ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды.
Ақпанда «Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның директоры болып Әбішева Гүлмира Айткенқызы тағайындалды. Ол осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды.
Ал, облыс әкімінің баспасөз қызметіне басшы болып Ғалия Кенжебаева тағайындалды. Ол осыған дейін бөлім маманы болды.
1 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып Әсет Шопанов тағайындалды. Ол осыған дейін басқарманың орынбасары болды. Еңбек жолын Бейнеу ауданы әкімдігінде бастаған.
5 сәуірде Маңғыстау облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы болып Ғалым Андалиев келді. Ол жаңа қызметіне дейін облыс әкімі аппаратының «Жұмылдыру дайындығы. Аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымында болды.
Сәуірде 3 аудан әкімі ауысты. Бұған дейін Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасар болған Ержан Күмісқалиев жоғарылап, ауданға әкім болды. Ол еңбек жолын Жаңаөзен қаласында тарих және құқық пәнінің оқытушысы қызметінен бастаған. Кейін ішкі саясат басқармасында түрлі лауазымда болды. 2016-2019 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары, 2019 жылдан 2021 жылға дейін Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.
Ал, Түпқараған ауданының әкімі болып Рахат Елтизаров тағайындалды. Ол бұған дейін Мұнайлы ауданының әкімі болды. Рахат Тезекбайұлы облыстық ішкі саясат департаментінде, Ақтау қаласы әкімінде облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасында түрлі лауазымда қызмет атқарды.
ҚР Президенті Әкімшілігімен келісімімен Айбек Қосуақов Жаңаөзен қаласының әкімі болды. Ол осыған дейін Түпқараған ауданында әкім болды. Әлеуметтік желіде кәсіпкердің әкім болуы тұрғындар арасында қызу талқыға түсті.
Сонымен қатар, 19 сәуірде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жаңа басшы болып Әділхан Әшірбаев келді. Ол еңбек жолын ҚР ҰҚК органдарында бастаған. Кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте бірнеше өңірде жасаған.
23 сәуірде Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып Нұртас Сали тағайындалды. Ол 2014 жылдан бері Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасында әр түрлі қызметте болды.
23 сәуірде Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Данияр Өтешов Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы болып келді. Ол ағылшын тілін еркін меңгерген.
Мамырда «АМАНАТ» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы болып Нұрбек Қарасаев тағайындалды. Ол бұған дейін Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.
23 мамырда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Динара Жұмашева Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол басқармаға екінші рет басшы қызметіне келді. Еңбек жолын мектепте тарих және экономика пәндерінің мұғалімі болып бастаған. Соңғы қызметіне дейін «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының бас директорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі болған.
23 мамыр күні Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып Дәурен Өтепқали тағайындалды. Ол еңбек жолын осы басқармада маман болып бастаған.
2022 жылдың наурыз айынан бастап мамырға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қарасты облыстық департамент басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Маусымда облыс әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды. Бұл қызмет облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Бекбол Орынбасаровқа жүктелді.
Маусымда Маңғыстау облысы әкімінің тағы орынбасары тағайындалды. Әлеуметтік салаға жауапты болып Ұлықбек Тналиев тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінде департамент директоры қызметін атқарған.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен жастар басқармасы қайта құрылды. Басқарма басшысы қызметіне Батырхан Қуанышбеков тағайындалды. Ол осыған дейін ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.
Сондай-ақ, қыркүйекте Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағамбетов өз еркімен жұмыстан кетіп, орнына Ғалымжан Ниязов келді. Ол осыған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметінде болды.
Қазан айында Ақтау қаласының бұрынғы әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ал Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болған Ербол Ізбергенов әкім қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ, қарашада Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне Ақтау қаласының орынбасары болған Мәлік Әбдіқадіров тағайындалды.
Ақтау қаласы әкімінің тағы бір орынбасары Абдеш Түркменбаев Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол еңбек жолын 1997 жылы «Қуат» АҚ-да инженер болып бастаған. 2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте түрлі лауазымда жасаған.
Желтоқсанда өңірдің жүрегі саналатын “Маэк-Қазатомөнеркәсіп” ЖШС-ға жаңа басшы келді. Бұған дейін "Каспий Жылу су Арнасы" МКК директоры болған Жасұлан Сүйіншалиев тағайындалды.