Бүгін Ақтауда 16-13 трансформаторлық қосалқы станциясында апат болып, 16 шағынауданда бірнеше тұрғын үйде жарық өшіп қалды. Қала әкімі Ұлықбек Тнәлиев ақауды жою жұмыстарын бақылауына алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Қазір АЭЖБ (Ақтау электр желілері басқармасы) МКК мамандары «Прибрежная» қосалқы станциясында диагностика жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақау орны анықталған соң, жерді қазып, сымды ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, сым желісі 5-6 метр тереңдікте орналасқандықтан, зақымдалған жерді табу қиындық тудырып отыр.
«Жалпы бұл сым желісі әкімдіктің қарауына кірмейді. Бұрын жеке құрылыс салушы компаниялар осы үйлерге резервтік желісіз және әкімдіктің келісімінсіз кабель өткізген. Кабельді өткізу тереңдігі құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкес келмейді. Оның үстіне кабельдің жеке құрылыстардың астынан өтуі апатты анықтау және жою үшін қиындық тудырған. Соңғы болған апаттық жағдай кезінде желі қараусыз болғанмен, қызметкерлер апатты жою жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда АЭЖБ МКК авариялық бригадасы желідегі үзілген жерді анықтау бойынша жұмыс істеп жатыр, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев.
Айта кетейік, аталған желі «Highwell» ЖШС құрылыс компаниясының иелігіне кіреді. 2017 жылдан бастап бұл желіде жиі ақау бола бергендіктен, 10 рет жөндеуден өткен. Нысандарды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін осы желіні жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын АЭЖБ МКК өз қаражатына жүргізіп келеді.