Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Гүлнәр Жайлыбаева Жаңаөзенде қыз-келіншектерді жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Торт пісіру кәсібіне бет бұрғалы 6 жылға жуық уақыт өтті. Бала жасымнан еңбекке ерте бейімделдім. Қыз-келіншектердің тырнағын бояумен айналыстым. Тұрмыс құрғалы торт пісіруді қолға алуды жөн көрдім. Үйде бала күтімімен отырған жанға осы кәсіп қолайлы деп шештім. Бастапқыда үйден пісіріп, тапсырыстар алып бастадым. Кейін жан-жақтағы тәжірибелі кондитерлердің сабағына қатысып, торт пісіру, безендіру, құрамын түрлендіру секілді қыр-сырын ұғынып алдым. Түрлі тәттілерді, тіскебасарларды даярлап, тұрақты клиенттерімнің қатары көбейді. Осылайша Жаңаөзеннен «Марьям Бейкер» кондитерлік дүкенін ашып, кәсібімді бастап кеттім. Тапсырыстардың көлемі мен жыл маусымына байланысты қарауымдағы қызметкерлерімнің саны әр алуан болады. Бірде 15 қызметкерге дейін, ал кейде 5-10 адаммен ісімді жүргізе беремін. Шүкір кәсбімінің нәсібін көріп отырған жанмын»,-дейді Гүлнәр Жайлыбаева.
Гүлнәрдің отбасындағы тірегі - жұбайы кәсібінің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Кондитерлік өнімнің сапасы тұтынушы талабына сай болуына дүкеннің қажетті құрал-жабдықтармен жасақталуы, сапалы өнімді өндіруге сапалы шикізатпен қамтылуы, уақытылы жеткізу қызметін жетік ұйымдастыруы секілді ірілі-ұсақты шаруалардың басы-қасында жүреді. Гүлнәр ханым өз жетістігін арқа сүйер азаматының қолдау-қамқорлығымен байланыстырады.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген сөз бар. Алдағы уақытта кәсібіміздің өрісін кеңейтсек, қаржыландыру көзі оңтайланса Ақтау аумағына ойысып, жаңа нүктені жандандырсақ деген үлкен жоспар», - дейді Гүлнәр Жайлыбаева.