Санитария-эпидемиология мамандары суға түсетін жерлерді және демалыс орындарын дұрыс таңдап, судың тазалығы мен тереңдігін мұқият тексеріп алған жөн екенін қаперге береді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Балаларға шомылу кезінде суды жұтып қоюға, сонымен қатар мұндай сулармен тамақ дайындауға, жеміс-жидектерді жууға болмайтынын ескерту керек және тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаған жөн.
Сонымен қатар, шомылу маусымындағы жағажайлар мен демалыс орындары мына талаптарға сай болуы тиіс:
- жағажайлар мен демалыс орындары оқшауланған учаскеде, айлақтардан, шлюздерден, гидроэлектр станцияларынан, сарқынды суларды жіберу орындарынан, малдың қорасынан, сондай-ақ көрсетілген ластану көздерінен алыс орналастырылады;
- адамдардың шомылуына арналған орындарда киім-кешекті жууға және жануарларды шомылдыруға жол берілмейді;
- теңіз суы және жағажайы лас-қоқыстан, балдырлардан, ағаштардан және үшкір тастардан тазартылады;
- балалардың шомылатын орындарындағы судың тереңдігі 0,7-ден 1,3 м-ге дейін болуы тиіс;
- жағажайлар күннен қорғайтын қалқалармен, адамдар жатып демалатын жабдықпен қамтамасыз етіледі;
- аумақта киім ауыстыратын орындар, санитариялық аулалық қондырғылар немесе биодәретханалар, қоқыс жинауға арналған жәшіктер орнатылады;
- шомылу маусымы басталар алдында жағажайлар мен демалыс орындарының әкімшілігі су қоймаларына санитариялық - химиялық, микробиологиялық, вирусологиялық, радиологиялық көрсеткіштерге зерттеу жүргізуді және топыраққа паразитологиялық көрсеткіштерге зерттеу жүргізуді қамтамасыз етеді;
- шомылуға арналған су бетінің шекарасында ашық түсті, жақсы көрінетін, қалқитын белгілер орнатылады.
- қажеттілігіне қарай жағажайда таза құм, малта тас себіледі. Құмды жағажайлар аптасына кемінде бір рет жиналған қоқыс қалдықтарынан тазартылып, құмның беткі қабатына механикалық қопсыту жүргізіледі;
- жағажайлар мен демалыс орындарының әкімшілігі қауіпсіздік мақсатында демалыс орындарының аумағында орналасқан жағажайды және су қоймаларының жағалау аймағын бақылап отырады.