Алматы облысында шахматтан өткен ҚР чемпионатында маңғыстаулық Эдгар Мамедов абсолютті чемпион атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Эдгар Мамедов 12 жасқа дейінгі ұлдар арасында классикадан 1 орын, блицтан 1 орын, рапид бойынша да 1 орынға ие болып, абсолютті чемпион атанды. Сондай-ақ, Эдгар жас ерекшелігінің айырмашылығына қарамастан рапид бойынша 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында да бағын сынап, күміс жүлдеге ие болды. Ал, блиц бойынша 12 жасқа дейінгі Назар Талғатов күміс жүлде алды. Өңір спортшылары жалпы есеппен 3 алтын мен 2 күміс жүлдеге ие болды.
Эдгар әлі 12 жасқа толмаса да, Қазақстанның абсолютті чемпионы атанып, үздік екенін тағы да дәлелдеді. Қуанышымызда шек жоқ. Бұл жолы 18 жасқа дейінгі санатта 2-орын алып бізді таң қалдырды. 1-орынға тең ойын жасады десем де болады. Эдгар бұл турнирде әр санатта алтын алып, қосымша 18 жасқа дейінгі рапидте күміс жүлдегер атанған жалғыз бала, -деді Эдгардың анасы, әрі менеджері Гүлнар Мамедова.
Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, ел чемпионаты 6-18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында өтті. Спортшылар стандартты, жылдам және шапшаң түрі бойынша жарысты. 10 күнге созылған бәсекеге еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық спортшы қатысқан.