Жаңаөзен қаласында жыл басынан 19 жас маман көтерме жәрдемақыға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл Жаңаөзен қаласына іргелес ауылдарда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 19 жас маман көтерме жәрдемақыға ие болды. Қазіргі таңда 7 маманның құжаттары қарастырылып жатыр. Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие бойынша 10 маман жеке тұрғын үйге қолжеткізді. Оның ішінде 8 мұғалім, 2 дәрігер бар. Тағы да 6 маманның құжаттары қарастырылуда. Жыл басынан бері бағдарлама туралы жалпы 78 маман өз сауалдарымен хабарласқан.
«Дипломмен ауылға» жобасының басты мақсаты - денсаулықты сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу және тұру үшін келген ауылдардың, ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну арқылы дипломдары бар мамандарды тіркеу және ынталандыру. Жоба аясында 100 АЕК мөлшеріндегі бір реттік көтерме жәрдемақы ретінде әлеуметтік қолдау және тұрғын үйге 1 500 АЕК-тен аспайтын бюджеттік несие түріндегі қолдау шаралары қарастырылған», - деді Жаңаөзен қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұржұма Бопышқызы.
Айта кетейік, соңғы жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы екі бағытта қаржылай қолдау көрсетіліп жүр. Жаңаөзен қаласына қарасты ауылдық елдімекендерде қызмет етіп жүрген жастардың қатары артып келеді.