Танымал археолог Андрей Астафьев осыдан 200 жылдан астам уақыт бұрын Каспий теңізінде жүрген кеменің бекіткіш бұрандалары мен шегелерін тапты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тарихи жәдігер Түпқараған ауданына қарасты «Түлкілі сай» жеріндегі теңіз жағалауында көміліп жатқан.
Археологтың зерделеуінше, кеме ХVIII ғасырдың аяғында Каспий теңізінде жүзіп жүрген жерінен апатқа ұшыраған. Су құралының ағаш шантағын су шайып кеткенімен, темір бұйымдар теңіз түбінде шөгіп қала берген. Жылдар өте теңіз деңгейінің өзгеруімен құрлыққа шығып, археолог қазып алғанша көрінбеген.
Андрей Астафьев бұл жәдігерлерді Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізді.
Археологтың музейте табыстаған сыйлығы бір бұл емес. Қарақабақ қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде үңгірге тап болып, оның ішінен кендір арқан мен арқанға байланған ілмектер тапқан. Кемеге қатысты заттар екені көрініп тұр. Кемі бір ғасыр бұрын әзірленсе де, құрғақ жерде жатқандықтан жақсы сақталған.