Маңғыстау облысында медицина саласы қызметкерлерінің 77 пайызы коронавирус вакцинасын алды. Бұл туралы эпидемиолог Марал Қадыр айтты.
Өңірде жалпы медицина қызметкерлерінің саны 10 мыңнан асады. Оның ішінде 9 376 адам вакцина алушылар санатына кіреді. Бүгінде екпе алған медицина қызметкерлері саны 7 206 құрайды, яғни 77%-ға жетті.
Облыстағы жедел жәрдем қызметкерлері, дәрігерлер, қабылдау бөлімінің қызметкерлері алғаш болып вакцина салдырды. Оның ішінде эпидемиологтар да болды. Вакцинация басталған кезде таңдау болған жоқ. Тек Спутник V вакцинасы болған соң, барлығымыз осы вакцинаны салдырдық, - деді ол.
Оның айтуынша, халық арасында иммуно-профилактикалық түсінік аз болғандықтан үрей мен күдіктердің болуы заңды. Әсіресе, ол жаппай вакцинациялау кезінде пайда болуы мүмкін.
Бізде ешқандай күдік болған жоқ. Себебі тәжірибеге енбес бұрын кез келген вакцинаның теориялық құрамы, дайындалу жолдары әлемдік деңгейде талдаудан өтеді. Ол талданып, мақұлданып, клиникалық зерттеулерден өтіп барып тәжірибеге енгізіледі. Біз бастаған кезде вакцина 2 клиникалық зерттеу кезеңінен өтті. Бұған дейінгі алған адамдардан да ешқандай жанама әсер, асқынулар байқалмады. Сондықтан біз де салдырдық, - деді эпидемиолог.