Эпидемиолог Марал Қадыр облыста вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтты.
Сәуірден бастап 70 шақты мекемеге жеке өзім барып, кездесу өткіздім. Ол кездесулерге 3 мыңнан астам адам қатысты. Халықтың көкейінде сұрақ көп. Қызығушылық өте жоғары. Бүгінде "Қаражанбас" мұнай-кен орнында кездесу өткіздім. Шараға онлайн форматта мекеменің барлық филиалы мен бас кеңселері де қатысты. Қызметкерлердің сұрақтары баршылық, - деді ол.
Маман вакцинация бойынша барлық сұраққа жауап бергенін айтты.
Тұрғындар арасында "Вакцина алғаннан кейін бедеу болып қалады", "Одан кейінгі әсер күрделі болуы мүмкін", "Ол көмектеспейді", деген сияқты қате пікірлер бар. Біз олардың барлығын сейілтіп, сұрақтарға жауап бердік, - деді ол.
Маманның айтуынша, осындай түсіндіру жұмыстарынан кейін адамдардың вакцинацияға деген көзқарасы өзгереді.
Марал Қадыр Маңғыстау өңіріндегі иммуно-профилактика бойынша ДДСҰ-ның арнайы оқытуынан өткен жалғыз маман. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстаннан 4 маманды оқытқан.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр. Ал облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есеге артқан.