Маңғыстаулық эпидемиолог Марал Қадыр «Бірінші байлық» бағдарламасында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай алаңдатып отыр. Біз 3 шілдеден бастап «қызыл» аймақтамыз. Оның бәсеңдейтіні көрінбейді. Күнде 100-дің үстінде науқас тіркеліп жатыр. Олардың өмірін сақтап қалу – біздің басты мақсатымыз. Қазір ауруханаларда 407 адам жатыр. Оның ішінде 280-і ПТР-сынамасы оң нәтижелі, 127-сі - пневмонияның асқынған түрі. 18 кішкентай бала ауырып жатыр. Олардың ішінде 10-ы асқынған пневмониямен жатса, 8-і ПТР сынамасы бойынша анықталды, - деді эпидемиолог.
Оның айтуынша, жүкті әйелдер арасында індет жұқтыру саны артқан.
Жүкті әйелдердің ауру жұқтыруы 45-ке көтеріліп отыр. Бұрын 20-дан аспайтын еді. 45 жүкті және жас босанған аналар коронавируспен ауруханада жатыр. Оның пневмониямен асқынғаны 6, ПТР 39-ында оң нәтиже көрсетті. Жансақтау бөлімінде 38 науқас жатыр. 12 науқастың жағдайы - аса ауыр. 26 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер қазір солардың өмірі үшін күресіп жатыр, - деді Марал Қадыр.
Маман айтқандай, ӨЖА аппаратына 6 науқас қосылған.
ӨЖА (ИВЛ) – кеңірдекті кесіп, ішіне жасанды тыныс алдыру түтікшесін салып қою. ӨЖА-да жатқан 6 науқас мұрыннан түтікше салу арқылы оттегімен тыныс алып жатыр. Өттегі маскасымен 12 науқас демалып жатыр. Олардың орта жасы – 56,6. Демек, бұдан да жоғары жастағы адамдар да бар деген сөз. Балалар арасында 3-ке дейінгі науқас көп, - деді ол.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында бір тәулікте 4 адам коронавирустан қайтыс болған. Ақтауда 63 адам індет жұқтырса, Мұнайлы ауданында - 32, Маңғыстау ауданында - 3, Түпқараған ауданында - 9, Қарақия ауданында - 14, Жаңаөзенде 20 адам індет жұқтырған. Науқастардың ішінде 84 адамда симптомы бар, 57-сінде симптомсыз індет анықталған.