Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов өңірдегі ауыз су мәселесі жайында баяндады.
Облыстың даму қарқынына орай ауыз суға деген сұраныс артып келеді.
Осыны ескере келе былтыр С.Трұмовтың бастамасымен халықты сумен қамтудың 5 жылға арналған бағдарламасы жасалды. Бағдарлама аясында мәселені шешу үшін «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Тиісті қаржы бөлінді.
«Сондай-ақ, Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты биыл іске қосылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан босайтын су көлемін өңірде қалдыру – бұл ауыз су көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі С.Трұмов.
Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін «Кендірлі» курорттық аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт салу көзделіп отыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясымен Кендірлі аймағында салынатын зауыттың құрылыс жұмыстарын бастауға құжаттар рәсімделуде.
Сонымен қатар Құрық, Форт-Шевченко, Сайын мен Ақшұқыр ауылдарында су тұщыту қондырғыларын салу да жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Маңғыстаудағы сумен қамтуға бағытталған жобаларға қолдау білдіріп, жүзеге асыруды тапсырды.