Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында белгілі болды. Жиында облыс әкімдері арасында алғаш болып сөз алған С.Трұмов облыстың 6 айдағы экономикалық дамуы жайында есеп берді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Барлық салаларда оң динамика байқалады. Бұл өңдеу өнеркәсібі және инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, сауда және көлік байланыстары.
Соңғы алты айда Маңғыстауға тартылған инвестиция көлемі 256,3 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,6% өскен.
Аграрлық секторда 7 миллиард теңгеге өнім өндірілді - бұл 3% өсім. 2 инвестициялық жоба іске асырылып, жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика және жылына 15 мың тонна жем шығаратын зауыт іске қосылды. Нәтижесінде 121 жаңа жұмыс орны құрылды.
Облыс әкімі үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы да айтты. Бүгінгі күні облыстағы барлық денсаулық сақтау мекемелері штаттық режимде жұмыс істейді. Стационарларда 335 адам емделуде, 40 адам жан сақтау бөлімінде жатыр.
Соңғы 10 күнде вакцинацияланған азаматтардың саны төрт есеге артты. Егер маусымның бірінші онкүндігінде 4 мыңға жуық маңғыстаулық екпе алса, шілденің басынан бері 15 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Жалпы өңірде I компонентпен - 75 638, II компонентпен - 39 899 адам егілді.