Қазақстан полициясы күні қарсаңында МО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев ішкі істер органдарының ерекше көзге түскен қызметкерлеріне ведомстволық наградалар мен ерекшелік белгілерін табыс етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
23 маусымда "Қазақстан полициясы күні" мерекесіне орай және өз міндеттерін адал атқарғаны үшін ІІМ Министрінің бұйрығымен әр саладағы қызметкерлер Құрмет грамотасымен, Грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Аймақ полициясының басшысы марапатталғандарды өмірлеріндегі айтулы оқиғамен құттықтап, бұл жоғары баға олар үшін жаңа сәттіліктер мен жетістіктерге түрткі болатынына сенім білдірді.
«Әрбір бөлімшенің өз ерекшелігі бар, бірақ біз бірге ортақ іс жасаймыз – қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, азаматтарымыздың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаймыз», деп Жанарбек Бақтыбаев жеке құрамға адал қызметі үшін алғысын білдірді.
Жыл басынан бері әр түрлі іс-шараларды өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар атқарылды. Жедел жағдайдың жай-күйін бақылау қамтамасыз етілді. Ведомство басшысы қылмысқа қарсы күресте іс-қимыл бағытын сақтауды, қызметтің беделі мен полицияға деген сенімді арттыру үшін талмай еңбек етуді талап етті.