Мемлекеттік жоспарлауды жобалық басқару жүйесіне көшіруге дайындықты облыс әкімі С. Трұмовтың 2020 жылғы қараша айындағы өкімімен құрылған жобалық офис үйлестіруде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгінгі таңда мемлекеттік орган басшылары мен аудан/қала әкімдіктері, ауылдық округтердің әкімдері мен мемлекеттік қызметкерлер еліміздің 2025 жылдары дамудың Ұлттық жоспарын және Маңғыстау облысын 2021-2025 жылдары дамыту бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін жобалық басқарудың заманауи үлгісі Easy project платформасын қолдана бастады.
Қазіргі таңда кросс платформадағы 1500-ға жуық жобаның жүзеге асырылуын бағдарлама басшысы облыс әкімі, орталық мемлекеттік органдар мен үкіметтегі билік тікелей бақылай алады.
Жобалық басқару мемлекеттік бюджетті тиімсіз жаратуға және мақсатсыз жұмсауға жол бермейді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары А. Меңдібаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік жоспарлау жүйесін басқару комитетінің кезекті отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жобалық басқаруды енгізу жөніндегі Жобалық офистің 2021 жылындағы жұмыс барысы және «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасының іске асырылуы туралы, сонымен қатар Түпқараған ауданы әкімінің және Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының жобалық басқару жүйесін тәжірибеге енгізу бойынша атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Маңғыстау облысы жобалық басқару жүйесіне көшу дайындығы және оның қолданысқа енгізу бойынша өңірлердің көшбасында. Жобалық басқару жүйесіне ауылдық округте жүзеге асырылып жатырған жобадан бастап, ең ірі инвестициялық жобалар енгізілген. Платформада жобаның орындалысы, кімдер жауапты, қашан аяқталатыны, нәтижесі, оның қиындықтары туралы ақпаратты көруге болады.