Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында «Жаз мезгіліндегі балалардың қауіпсіздігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Брифингке облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, білім басқармасы және полиция департаментінің басшылары қатысты.
МО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров әр ата-ана балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстау қажет екенін айтты.
«Статистикалық мәліметке сүйенсек соңғы 5 жылда 13 жасөспірім суға кеткен. Жүргізілген талдау бойынша қаза болудың негізгі себебі қарапайым қауіпсіздікті сақтамай тыйым салынған жерде суға түсудің салдарынан туындаған. Сол себепті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмай, үнемі қадағалауды сұраймыз. 2021 жылы суға шомылу маусымында облыс халқының қауіпсіздігін сақтау мақсатында іс-шара жоспары әзірленді», - деді Бекболат Әбдіқадыров.
Шомылу кезеңі басталар алдында МО Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесіп «ZOOM» платформасы арқылы «Жаз мезгілінде балалардың демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері» тақырыбында семинар–кеңес өткізді. Оған оқытушылар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
«Өрт саласы, суда құтқару және полиция қызметінің мамандарымен бірлесіп ата-аналар мен 1-11 сынып оқушыларының арасында ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, жадынама таратылды. Бүгінгі күні облыста 141 мектеп бар. Осы мектеп жанынан жазғы сауықтыру лагерін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен бұл өңірдегі ахуалға байланысты облыстық штаб пен өңірдің бас санитар дәрігерінің бақылауымен іске асатын шара. 1 маусымнан бастап «Бақытты ел», «Бақытты бала» тақырыбында акция өткіземіз. Акция аясында балалардың спорттық, мәдени, туристік танымдық көкжиегін кеңейтіп, елді сүюге, шымыр болуға бағытталған іс-шаралар жоспары дайындалды», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова.
Сонымен қатар брифингке Ақтау қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Рахаев қатысты. Спикер ата-аналарға әсіресе жаз мезгілінде балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады.
«Жасөспірімдер жазғы уақытта кешкі сағат 23:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүретін болса заң аясында әкімшілік хаттама толтырылып, ата-анасына ескерту беріледі. Сонымен қатар, ойын сауық, компьютер клубында кәмелете жасқа толмағандардың кіруіне қатаң түрде тыйым салынады. Бұдан бөлек жасөспірімдердің жол ережесін сақтап, сауаттылығын арттыру мақсатында 14-17 мамыр күні республика көлемінде «Абайлаңыз балалар» акциясы өтті. Жол көлік оқиғасына қатысты 5 айдың қорытындысы бойынша 58 оқиға тіркелді.18 жасқа толмай көлік тізгіндеген жасөспірімердің көлігі айып тұраққа салынып, ата –аналары жауапкершілікке тартылды. Тағы да ата-аналарға айтарым, балаларыңыздың қайда жүргенін, кіммен жүргенін, не нәрсемен айналысып жүргенін үнемі бақылауыңызды сұраймын», - деді Нұрлан Рахаев.