Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Осыдан 17 күн бұрын Ақтау халықаралық әуежайында Түркиядан транзитпен ұшып келген 46 жастағы азамат коронавирус жұқтырып, жергілікті инфекциялық ауруханаға жатқызылған болатын. Тиісті ем-дом шараларын алып, толық айығып шықты. Дәрігерлер үйіне қайтарды. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы такси Орал қаласындағы үйіне дейін жеткізеді. Сонымен қатар, онымен бірге ұшып келген 22 жолаушы да үйлеріне жіберілді.
Қ. Хасанов жеке шаруамен Түркияға барған Орал өңірінің тумасы кімнен және қандай жағдайға «Covid-19»вирусын жұқтырғанынан бейхабар. Ақтау әуежайынан түсе салысымен тепловизор оның қызуы барын көрсеткен. Өңір дәрігерлері оны бірден ауруханаға жеткізіп, сынама алған. Нәтижесінде, сараптама оң көрсеткіш көрсетіп, науқастың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
«Расын айту керек, басында қатты ауырдым. Дірілдеп, қызуым көтерілді. Ал, қазір еш жерім ауырмайды, өзімді жақсы сезінемін. Әрі қарай өзімді күтемін. Індетті жеңу үшін қолдан келгенше күресу керек, үміт үзбеген дұрыс. Дәрігерлерге, медбикелерге, санитарлық қызметкерлерге алғысым шексіз. Рахметімді айтамын. Медицина қызметкерлерінің жылы сөзі мен қарым-қатынасы мені жігерлендіріп, жазылып шығуыма септігін тигізді деп айта аламын», - деді емделіп шыққан алғашқы науқас.
Маңғыстау облыстық инфекциялық ауруханасының меңгерушісі, штаттан тыс бас инфекционисті Гүлбану Нұржанованың айтуынша, науқасты емдеу кезінде дәрігерлер вирусқа қарсы терапия жолдарын қолданған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген клиникалық хаттама негізге алынған. Қытайдан елімізге келген тәжірибелі мамандардың бейнеконференция арқылы берген кеңестері де ескерілген.
Айта кетейік, дәрігерлер Қ. Хасановтан жалпы үш рет сынама алды. Соңғы екеуі теріс нәтиже көрсетіп, бойында «Covid-19» вирусы анықталған жоқ. Соңғы бір аптада қызуы көтерілмеген. Өзін жақсы сезінеді. Енді ол Орал қаласындағы үйінде 14 күндік карантинде болады.