Бүгін Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансерінде «Ашық есік» күні өтті. Мақсат – тұрғындарды қатерлі ісік ауруынан сақтандырып, алдын алу. Осы мақсатта онкологиялық орталықта 20 кабинет жұмыс істеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz диспансердің баспасөз қызметіне сілтеп.
Таңғы сағат 09.00-ден бастап, түскі 13.00-ге дейін есігін айқара ашқан онкологиялық орталыққа 101 тұрғын келіп, өз денсаулығын тегін тексертіп, мамандардан ақысыз ақыл-кеңес алып үлгерді. Оның 17 адамына қатерлі ісік алды деген диагноз қойылып, 5 тұрғын осы ауруға күдікті деп танылды. Бұдан басқа 10 адамнан басқа да түрлі аурулар табылып, оларға қажетті дәрігерлік кеңестер берілді, деді диспансердің баспасөз қызметі.
Оның ішінде циталогиялық тексеруден – 74 адам, УЗИ аппаратынан – 60, маммографиядан– 31 және төмен дозалы КТ құрылғысынан– 27 адам өтіп, жалпы саны 192 тексеру тағайындалды.
Республикалық онкология және радиология ғылыми-зерттеу инситутының мәліметі бойынша, былтыр еліміз бойынша, 2035 әйелге жатыр мойыны обыры диагнозы қойылған. Жыл сайын бұл аурудан 40-44 жас аралығындағы 600-ге жуық нәзік жанды қайтыс болады екен. Мамандар қатерлі ісік дертіне жүрдім-бардым қарамай, дер кезінде медициналық тексеруден өтіп тұруға кеңес береді.
Айта кетейік, мұндай тегін тексерулер облыстық онкологиялық диспансерде тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратындығын тұрғындардың қаперіне береміз.