Бүгін Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде өңірдегі сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте кезеңінде емдеу мақсатында өңір тұрғындарына арналып, бірыңғай «Ашық есік күні» өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz диспансердің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ашық есік» күнінде 41 адам дәрігерлерден кеңес алды. Оның ішінде қатерлі ісікке күдікті деп 2 адам танылып, 8 адамнан ісік алды белгілер анықталды.
Таңертеңгі сағат 09.00-дан басталған шара түскі 13.00-ге дейін жалғасып, тұрғындар онколог, онкогинеколог және маммолог мамандардан тегін кеңес алды.
Сонымен қатар, органдарды ультрадыбыстық зерттеуден - 28 адам, компьютерлік томографиядан - 10 адам, маммографиядан 18 адам және цитологиялық зерттеуден – 24 адам өтті.
Айта кетейік, қазір облыс бойынша 1034 адам сүт безі обыры бойынша есепте тұр. Оның 102-і осы жылдың өткен 9 айында анықталып отыр.