Маңғыстауда Домбыра күніне орай 40-қа жуық іс-шара өтеді. Атап айтқанда Мұнайлы ауданында 4, Жаңаөзенде 4, Түпқарағанда 4, Қарақия ауданында 6, Маңғыстау ауданында 9, Бейнеу ауданында 5 іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы брифингте МО ғылыми әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры Ақмарал Зейілова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, мәдени-танымдық іс-шаралардың басты мақсаты жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуге, өнерпаздардың домбыра аспабын кәсіби деңгейде меңгеруіне мүмкіндік жасап, қолдау көрсетуге бағытталған.
- Домбыра күнін атап өту бастамасы біршама жыл бұрын қозғалған болатын. Осыған сәйкес мереке биыл 1 шілде мен 7 шілде аралығында атап өтіледі. Дәстүрлі өнерімізге жас ұрпақтың құрметін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарымызды кеңірек насихаттауға шақырамыз, - деді Ақмарал Зейілова.
Мұрат Өскінбаев атындағы МО филармониясының директоры Данияр Сағынғалиұлы мерекеге орай өңірге танымал өнерпаздар домбырамен өнер көрсететінін айтты.
- «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген Қадыр Мырза Әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Себебі, басынан небір қилы заман өтсе де, жаугершілікті бастан өткеріп, бодандық қамытын кисе де төл аспабы қолынан түспеді. Одан тараған қоңыр үн ұлт жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді. Аталған мерекеге орай теңіз жағалауында «Амфитеатр» алаңында 4 шілдеден 7 шілдеге дейін концерттер өтеді. ҚР мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов және Мәдениет саласының үздіктері Асқар, Асанәлі Көшеровтер, Ақмарал Ерімбетова, Сәбит Шектібаев қонақта болады. Абыл Тарақұлы атындағы ұлт - аспаптар оркестрі, «Жорға» би-ансамблі өнер көрсетеді. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Данияр Кенжеғали, Оспан Құлсымақ, Нұрым Асқанов, Алпысбек Оңайбайұлы, Фариза Ретбайқызы, Серіжан Масжанов өнерпаздары қатысады, - деді Данияр Сағынғалиұлы.