Маңғыстауда жергілікті БАҚ өкілдері Қарақия ауданы, Құрық ауылына қарасты Қызылқұм жерінде орналасқан «Рысбек» шаруа қожалығына барып, жұмыс барысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шаруашылық иесі Жақсылық Ибадуллаев 9 жылдан бері егін салып, жеміс ағаштарын өсіруді кәсіп қылған. «Рысбек» шаруа қожалығының жалпы ауданы 32 гектар жерді құрайды. Оның 6 гектар жеріне алма, өрік, алмұрт, шабдалы, жүзім ағаштары отырғызылған.
Жақсылық Ибадуллаев Түрікменстан Республикасынан атажұртына оралған қандасымыз. Кәсіпкер 2005 жылы үкіметтен жалға жер алып, қарбыз, қызанақ, қауын көкөністерін жер сіңдіріп, отырғыза бастаған. 9 жылдан бері бұл шаруа қожалық жемісі жерге төгілген гүлжазира алқапқа айналған.
Құрықтың дәмі ерекше қарбызы мен қауынын білмейтін маңғыстаулықтар кем де кем. Кәсіпкер жаз маусымы басталып, сұраныс артқанда піскен көкөністері мен жеміс-жидектерін Құрық ауылына, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларына жөнелтіп, жергілікті базарларда сатылымға шығаратынын айтты.
«Талабым оңғарылып, бұл шаруашылықты өз күшіммен бастадым. Субсидия алмадық. Әуелі үкіметтен жерді жалға алдым. Ол жерге ақырын қарбыз, қауын, қияр, қызанақ өсімдіктерін еге бастадым. Шаруашылықтың жұмысы оңай деп айта алмас едім. Жаз маусымында жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер кейде беретін ақымызды аз көріп жатады. Көп беруге қалтамыз көтермей жататыны тағы бар. Ал қыс айларында жеміс ағаштарын қиып отыру үшін 2-3 қызметкер жалдап отырамыз. Жұмыстың ауыртпашылығы мен зор жауапкершілігі бар», - дейді Жақсылық Ибадуллаев.
Құрық елдімекені – теңіз жағасында орналасқан аудан орталығы. Бұл ауылдың жері тастақ, қатты. Шаруашылық иесі егін алқабын суару үшін арнайы тереңдігі 30 метр 4 шыңырау құдық қазған.
«32 гектар жердің 26 гектарына жаз маусымында егін саламыз. Мәселен былтыр жаз айларында жалданып жұмыс істейтін адам болмай қалды. Шамамыздың жеткенінше көкөністер мен жеміс-жидектерді теріп аламыз. Каникулға шыққан оқушы балалар келіп жұмыс істейді. Қазір өрік, ерте мезгілде және күзде пісетін алма, жүзім, шабдалы ағаштарынан жеміс алып отырмыз. Алма ағашының тұқымын Ресей мемлекетінің Волгоград қаласынан алып келдік. Жеміс ағаштарына күкірт саламыз», - дейді шаруашылық иесі.
Жақсылық Ибадуллаев әзірше су тапшылығы жоғын айтты. Ол жеміс ағаштарының жанына жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін жоңышқа өсімдігін егіп, сататынын айтты. Шаруашылық иесі алдағы уақытта жеміс ағаштарын отырғызған 3 гектар жеріне үкіметтен субсидия бөлінсе екен дейді. Сондай-ақ ол тоқ күшіне көп қаражат шығындайтын көрінеді.
«Электр желісіне үкіметтен жеңілдік қарастырылса деген тілегіміз бар. Егер бұл жеміс ағаштары мен көкөністерге уақытылы күтім болмаса, жеміс алмаймыз. Жеміс-жидектерге құрт түспес үшін алдын алып отырамыз. Былтыр жобамен 2-3 тонна өрік жинап алдым. Биыл 8-10 тонна қызанақ пен қияр көкөністерін теріп алдық. Алма ағаштарымыздың пісіп,жеміс беретін уақыты болып қалды. Құрық қарбызының танымалдылығы дәмінде. Табиғи. Жоқтан бар жасап, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз», - дейді ол.
Қарақия аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сәбит Ғазизұлының сөзінше, Құрық ауылындағы 665 шаруа қожалығы тіркелген. Жыл сайын жаз маусымында егін егумен айналысатын 22-23 шаруа қожалығы бар. Биыл Қызылқұмдағы «Рысбек» шаруа қожалығының 100 гектар жерінің ашық топырағына егін егілген. Бұдан бөлек, 2,5 гектар аумақты құрайтын 2 жылыжай жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Қарақия ауданының әкімінің қолдауымен «Мансап» орталығы арқылы қоғамдық жұмысшыларды тарту жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Қазір Қызылқұм жеріне газ құбырларын тарту мәселесі бойынша конкурс аяқталды. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Ауылдағы шаруа қожалықтарының жұмыс көзіне көмекшілерді тарту мәселесі бойынша өтініштері түсіп тұр. Сол өтініштерге сәйкес қоғамдық жұмысшыларды шақырып, тиісті шараларды атқарып жатырмыз. Жалпы мемлекеттік қолдауды алу үшін алдымен өтінім берілуі қажет», - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сабит Ғазизұлы