18 қаңтар күні Маңғыстауда Нұрлан Ноғаев экобелсенділермен, сондай-ақ Алматыдан келген орнитологтармен кездесті. Тараптар Қаракөл көліндегі аққулардың жаппай қырылу жағдайын талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
18 қаңтардағы жағдай бойынша 1018 құстың өлексесі табылды. Оның 41-і-Қарақия ауданындағы теңіз жағалауынан, қалғандары Қаракөл көлінен табылды.
Биология ғылымдарының кандидаты, орнитолог және тәуелсіз сарапшы, сондай-ақ Қазақстан құстарды қорғау одағының және Мензбирлік орнитологиялық қоғамының мүшесі Виктория Ковшардың пікірінше, құс тұмауын жұқтырудың шегі өткеніне қарамастан, табылатын аққулардың өлекселерінің саны артуы мүмкін.
Биолог және Батыс Қазақстан «Табиғи орта» ҮЕҰ өңірлік қауымдастығы кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов Қаракөл көлінің бірегейлігін атап өтті.
«Қаракөл көлінің айналасында аққулар санының азаюына байланысты түрлі мифтер бар. Мысалы, құстарды тамақтандыру идеясын тудырған аштық туралы миф. Бірақ бұл - нақты қауіп болып табылады, өйткені құрғақ тағам құстардың ас қорыту жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін. Осылайша, біздің ақкөңіл ниетіміз өзімізге кесірін тигізуі мүмкін. Тағы бір кең таралған миф – көлге сарқынды суларды жіберу, аққулардың өлімінің басты себебі деп түсіну. Биолог ретінде мен сарқынды суларды төгуге қарсылық білдіремін, алайда біз бұл жағдайда құс тұмауына тап болғанымызды түсінуіміз керек. Мұны зертханалық зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ, аққулардан басқа құстардың зардап шекпейтіндігі дәлелдейді», - дейді сарапшы Әділбек Қозыбақов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин облыстың ветеринариялық қызметтері күн сайын жеке қосалқы шаруашылықтардағы үй құстары арасындағы эпизоотиялық жағдайға мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті. Облыста үй құстарының арасында құс тұмауы тіркелген жоқ.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аққулардың жаппай қырылуына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, мұндай жағдайда тек сарапшылардың пікірін тыңдап, эмоционалды реакциялардан аулақ болуға шақырды.
«Сарапшылар Виктория Ковшар мен Федор Карповқа Қаракөл көлінде аққулардың өлімінің нақты себебін іздеуге белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамын. Бұл мәселенің айналасындағы жағдай көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Сонымен қатар мен мәселені шешуге қатысқан эко-белсенділерге алғысымды білдіремін. Алдағы айларда осы бірегей су айдынының биоалуантүрлілігін зерттеу үшін ғалымдар тобы келеді деп жоспарланып отыр. Ақпарат жинауға сарапшылардың, оның ішінде орнитологтардың қатысуы маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.