Наурыздың 11-нен бастап қасиетті Рамазан айы басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Осы орайда, биыл Маңғыстау өкілдігі бойынша «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілі, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов мәлімдеді.
Облыс имамының айтуынша, «30күнде - 30 игі іс» жобасы жалғасын таппақ.
-Биыл Рамазан айында ауызашар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіп, ұлттық ойындар ұйымдастыру, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді рухани іс-шаралар атқарылады. Ал, өңір аумағындағы өзге мешіттерде күн сайын ауызашар беріледі. Қасиетті айда Құран әліппесі мен намаз үйрену курстары тегін ұйымдастырылатын болады. Рамазан айы құрметіне рухани кештер өткізіліп, қарилар хатым құран түсіреді. Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтеді, - деді Әнуар Елжанов.
Сондай-ақ Әнуар Елжанов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілгенін айтып өтті.
-Підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Дәулетті адамдар садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия (фидия) төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де підия бере алады, -деді Әнуар Елжанов сөзін жалғап.
Сонымен қатар брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің Маңғыстау облысы бойынша жауапты маманы, облыстық орталық Бекет ата мешітінің ұстазы Марат Садырбаев оразаға қатысты көрермен көйінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
-Ораза кезінде тамақтың дәмін татып көруге болады. Оны жұтпай қайтадан түкіріп тастау керек. Оған қоса, теріге салынатын, денеге күш бермейтін екпелер оразаны бұзбайды. Ал тамырға салынатын, денеге күш беретін система секілді екпелер оразаны бұзады. Сондай-ақ ораза уақытында аналардың бала емізуіне рұқсат. Бірақ бұл орайда оның сүті тартылып, сәбиге зияны тимеуі тиіс, - деді Марат Садырбаев.
Рамазан айында адамдардың басқосуы, ауызашар беру шаралары көбейеді. Ораза күндері денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін тамақтану сапасына баса назар аудару қажет.
Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров тамақтан улану қаупін болдырмау және қауіп дәрежесін азайту үшін келесідей тағамнан уланудың алдын алуға бағытталған қарапайым, бірақ тиімді ережелерді сақтауды ұсынды.
-тағам сатып аларда қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөліңіз;
-тағамды тек жаңа өнімдерден дайындаңыз;
-салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз және ауызашар басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында араластырыңыз (барынша өсімдік майымен);
-кондитерлік өнімдерді, кремді торттарды бөлмеге алдын ала қоймаңыз, сақтау барысында температуралық режимді сақтаңыз;
-ауызашар дастарқанынан кейін тез бұзылатын тағам қалдықтарын тастап, жаңадан дайындаңыз;
-жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз;
-тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтаңыз;
-үй жағдайында дайындалған консервіленген көкөністерге ерекше назар аудару қажет. Консерві қақпағының бүлінгені (бомбаж) байқалса немесе өнімнің сапасына қандай да бір күдік туындаса өнімді қолданудан бас тартыңыз.
-көшеде кездейсоқ рұқсат етілмеген жерден үйде дайындалған консервілерді, сондай-ақ үйде дайындалған ет және балық өнімдерін сатып алудан бас тартыңыз.
-респираторлық және асқазан-ішек ауруларының белгілері бар науқастардың тамақ дайындауына жол бермеу;
-көкөніс, жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуу;
-салат, тартылған ет өнімдерін аз мөлшерде дайындап, бір күннен артық сақтамау;
-тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу;
-қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлері уақытылы медициналық бақылаудан өтіп отыруын қамтамасыз ету қажет.
️
Сондай-ақ спикер тамақ өнімдерін қайта мұздатуға болмайтынын және таңбалаусыз және өндіруші туралы мәліметтерсіз, сақтау мерзімі мен шарттарынсыз, әсіресе тез бұзылатын тамақ өнімдерін сатып алмау керектігін еске салды.
Айта өтейік, биыл Рамазан айы кезінде оқылатын тарауих намазы 10 наурыз басталып, 8 сәуір аяқталады