Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «кеңестік кезеңдегі қайраткерлердің есімімен әртүрлі нысандарды атау тәжірибесін» тоқтатуды талап етті. Бұл туралы ол Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет, - деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, ономастика саласын тәртіпке келтіру қажет және бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс.
"Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек", - деді Мемлекет басшысы.