Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында қазыналы түбекті қайталанбас табиғатын суреттейтін «Марс пейзаждары» атты көрме өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Көрмеге белгілі фотографтардың арнайы экспедиция барысында түсірілген фотосуреттері қойылған. Сол арқылы көрмеге келушілер қойнауы ғажайыпқа толы, абыздар мен әулиелер отаны болған киелі Маңғыстаудың табиғатын, қайталанбас көріністерін тамашалауда.
Жалпы Маңғыстау облысы туризмнің қақпасын кеңге ашқан сырға толы мекен. Оның сұлулығы мен құпиясын тану үшін биыл 179 791 турист келген, осылайша көрсеткіш 138,6 пайызға өскен. Ал көрсетілген қызметтер 1,3 есеге өсіп, 4,8 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар курорттық аймақты дамыту аясында биыл 2 инвестициялық жоба іске асып, 25 жұмыс орны құрылды. Әрі қарай да өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін Ақтауда және Қарақия ауданында 2 сапар орталығының құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 2027 жылға дейінгі кезеңде жалпы сомасы 100 млрд. теңгеге 13 жобаны орындау көзделіп отыр. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына мультипликативті оң серпін беріп, туристердің қызығушылығын одан әрі арттыратыны анық.