Бүгін Астанадағы Достық үйінде "Маңғыстау - ұлттық құндылықтар ұлықталған мекен" атты шара өтті. Шарада қазақтың салт-дәстүрі насихатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға жиналған астаналықтар бесікке салу, тұсаукесер, төркіндету сынды салт-дәстүрлерге куә болды. Бесікке салу рәсімін Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, көпбалалы ана Гүлажар Бахытжанова орындаса, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Түгелқызы баланың тұсауын кесті.
Ал ҚР халық әртісі, Ақшұқырдың тумасы, қазір Қостанайдың келіні атанған Тамара Асар төркіндетіп келді.
Тамара Асар Маңғыстау жұртының ілтипаты мен сый-құрметіне бас иіп, туған жерге ақ тілегін жеткізді.
- Маңғыстау жұрты Алаштың төріне, Сарыарқаның көгіне келіп жатыр. Ұзағынан сүйіндірсін. Мені төркіндетіп, мерейімді асырып жатқандарына қуаныштымын. Қазақтың салт-дәстүріне қиянат жасамай, бір шашауын шашпай осы күнге дейін жеткізіп жатқан еліме рақметімді айтамын. Менің негізгі энциклопедиялық-фольклорлық мектебім - туған жерім Маңғыстау. Арнайы оқудың қажеті жоқ, тек Маңғыстауға барсаңыз барлық салт-дәстүрдің мектебінен өтіп шығасыз. Сондықтан осы жердің жақсылығы барлық қазаққа дарысын, - деді Тамара Асар.
Ұлттық құндылықтар ұлықталған шараға Астананың тұрғындары мен қонақтары да келді. Олар ыстық бауырсақтан дәм татып, салт-дәстүрдің мән-мазмұнын тереңінен ұғып, көрмені тамашалады.
- Өзіміздің байырғы салт-дәстүрімізді шынайы түрде көрсетіп жатыр. Соның ішінде Тамара Асардың төркіндетуі ерекше ұнады. Маңғыстау халқына ризашылығымды білдіремін, - деді астаналық тұрғын Т. Әбусағитова.