Қарағанды облысының Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтадағы болған төтенше жағдай бойынша сотта алдын ала тыңдау өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарылыс салдарынан бес кенші қаза тауып, төртеуі жарақат алған болатын.
Сотта желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесі бастығының міндетін атқарушы, болжам бойынша учаске бастығы және қауіпсіздік техникасы көмекшісінің м.а., шахтаның бас инженері және ауысым бастығы жауапқа тартылуда. Олар абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан құрылыс, тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды деп айыпталып отыр.
Егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе, олар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шахтинск қалалық сотында істі судья Исламхан Есенбаев қарап жатыр. Іс бойынша 20-ға жуық сараптама жұмыстары жүргізіліп, 250-ден астам куәгерлерден жауап алынған.
Негізгі сот отырысы 16 қаңтарға жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 3 қарашасында түнгі сағат үште "АрселорМиттал Теміртау" АҚ (қазіргі Qarmet) кәсіпорнының Ленин атындағы көмір шахтасында жарылыс болды.