Елімізде «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекесі пайда болды. Атаулы күн маусым айының үшінші жексенбісіне белгіленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.
Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі жаңа мерекелермен толықты. Үкімет басшысы тиісті қаулыға қол қойды. Халықаралық бекітілген күндерге сәйкес «Аналар күні» мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі. Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі», – дегені белгілі», - деп жазды министр фейсбуктегі парақшасында.
Сонымен бірге, Дархан Қуандықұлы отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екенін алға тартты.
«Министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында көрсетілгендей, еліміздегі отбасылық дәстүрлердің діңгегі – әулет мүшелерінің туған күнін атап өту екен. Бұл сауалнамаға қатысқан 86%-дан астам респонденттің ой-пікірі. Сондай-ақ отбасылардың жартысынан көбі жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз және тағы басқа мемлекеттік мерекелерді атаған. Сол себепті бекітілген әзіз әкелер мен ардақты аналарға арналған бұл атаулы мерекелер ұлттық болмысымызға сай жаңа мазмұнда тойланып, жалпыхалықтық сипат алады деген ойдамыз. Аталған мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз, - деп жазды Д.Қыдырәлі.