Жуырда Елордадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің 2019 жылғы жұмыс нәтижелеріне арналған алқа мәжілісі өтті. Жиын жұмысына орталық мемлекеттік аппарат басшылары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ тікелей байланыс желісі арқылы агенттіктің өңірлерде құрылған ақпараттық үгіт-насихат штаб өкілдері қатысты.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен көрсеткіштеріне баяндады.
«Былтыр сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы 2 мыңнан аса ұсыныстар енгізілді, 800-ден аса ұйымдастыру шаралары қабылданды, 63 нормативтік-құқықтық актіге өзгертулер енгізілді. Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша 3 мыңға жуық ұсынымдар енгізіліп, нәтижесінде 1 175 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық-құқықтық шаралар нәтижесіне тоқталсақ, 1 717 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, оның жартысынан астамы парақорлық фактілеріне тиесілі. 1002 лауазым иесі сотталды. Адамдардың кең шоғырының қатысуымен болған жүйелік жемқорлық ең қауіпті болып тұр. Есепті жылда осындай 112 факті анықталды. Келтірілген шығын сомасы 24,6 млрд теңгені құрап, 22,7 млрд теңгесі өтелді», - деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар Алик Шпекбаев квазимемлекеттік секторда 324 жемқорлық қылмысы анықталғанын, 160 лауазымды тұлға сотталғанын жеткізді. «Құнды қасиетті бойына сіңірген кез келген адам ардан аттамайды. Ол Отанына адал қызмет етеді және парасаттылығын қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл құндылықтар әрбір мемлекеттік қызметкердің адамгершілік кодына жазылуы тиіс. Сіздердің назарларыңызды тағы бір маңызды сұраққа аударғым келеді. Біз мемлекеттік қызметкерлерді алдын-ала тұтқынға алу орындарына апарып, арнайы экскурсия жүргіземіз. Сол кезде олардың қандайда бір жемқорлық жасау ойларын түбінен кесіп тастайды. Өкінішке орай, солардың ішінде ашқарақ, ашкөз және тойымсыз шенеуніктер бар. Олар тек бір ғана тілді түсінеді. Бұл – Қылмыстық кодекстің тілі. Парасаттылық адамгершілік пен адалдықтың басты кілті ретінде тек мемлекеттік қызметте ғана емес, бизнесте де қолданылуы керек», - деді Алик Шпекбаев алқа отырысында.
Агенттік төрағасы сондай-ақ кәсіпкерлердің санасын трансформациялауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің комплайнсы жетілгенде ғана іске асатынын атап өтті. Ұлттық компаниялар мен жекеменшік секторда "compliance" офицерлердің болуы бизнестің парасаттылығын әжептәуір арттыруға оң серпін береді дейді төраға. Сонымен бірге парақорлар туралы хабарлаған адамдарды ынталандыру шараларға тоқталып, жемқорлық фактісі туралы хабар берген азаматтар 11 миллионға жуық теңге сыйақы алатын болады. Агенттіктің төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сыйақы мөлшері дифференцияланғанын айтты.
Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы күрес жазалаумен шешілмейтінін, қоғамды үрейлендірмеуі тиістігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар жемқорлық әрекеттерінің алдын алумен жолға қойылуы қажеттігін атап өтті. «Сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күрес қажетті нәтиже бермеді және тек жазалау шараларын шексіздендіруге алып келді. Бұл тұрғыда біз қорқыныш ұялатуымыз керек деген "қате ұстаным" кездеседі. Мен бізді жаппай үрейлендіруге шақыратындардың бәріне американдық ақын Роберт Фросттың "Мен қорқынышқа бой алдырған адамдардан басқа ешкімнен қорықпаймын" деген сөзімен жауап беретін едім. Парасатты және белсенді қоғамды сындарлы диалог пен тиімді әріптестік негізінде ғана қалыптастыруға болатынына сенімдімін», – деп мәлімдеді Алик Шпекбаев.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды марапаттаудың жаңа жүйесі туралы қаулы қабылдады. Сыйақылар енді ЭЫДҰ елдеріндегі сияқты сараланатын болады. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам сот үкімі шыққаннан кейін пара немесе залал сомасының 10% ала алады. Сыйақының ең жоғарғы мөлшері 10 миллион 600 мың теңгені құрайды. Бұл жаңашылдықтар азаматтарды жемқорлықпен нақты күреске барынша тартуға елеулі серпін береді деп есептейміз», - деп мәлімдеді А. Шпекбаев.
Агенттік төрағасы биыл Қазақстанда мемлекеттік органдардың жария парасаттылық рейтингі енгізілетінін атап кетті. «2020 жылы Қазақстанда мемлекеттік органдардың жария парасаттылық рейтингі енгізіледі. Ол мемлекеттік органдардың ашықтық, жариялылық, есептілік деңгейін көрсететін болады. Мемлекеттік органдардың рейтингтегі орны азаматтардың олардың жұмысымен нақты қанағаттануы деңгейімен бағаланады», - деді А. Шпекбаев.
Агенттіктің алқа отырысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының орындалуын баяндады.
«Nur Otan» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мәселен, 2014 жылы партияның саяси кеңесінде қоғамдық талқылаудан соң, 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Кейіннен бағдарлама Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізі болды. «Nur Otan» партиясы фракциясының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық кеңестер туралы және басқа да заңдар қабылданды. Бүгінде 80 пайыздан астам мемлекеттік қызмет автоматтандырылды, еліміздің барлық аймағында халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді, цифрлық технологиялар енгізілуде. «Бір терезе» қағидаты бойынша құқық қорғау қызметтерінің орталықтары ашылуда», - деді Б. Байбек. Осы орайда ол партияның барлық деңгейдегі ресурстары қоғамда жалпы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын айтты. «Партия тұрақты негізде жұртшылықты қатыстыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесін өз алаңдарында жариялы түрде талқылайды. Биыл наурызда Елбасының қатысуымен партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізіледі. Қаралатын мәселелердің бірі – партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы және партияішілік тәртіпті сақтау жайы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламаның бірінші кезеңінің жүзеге асырылу қорытындысы шығарылады. Биыл біз партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының 2025 жылға дейінгі екінші кезеңін іске асыруды бастаймыз», - деді Бауыржан Байбек.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елімізде жемқорлар жайлы сериал түсіру туралы ұсынысын айтты. Оның сөзінше, әр сериалдың сюжетіне заңды әрі әділ жазасын алған жемқор шенеуніктің оқиғасын негіз етіп алу керек. «Біз бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ақпараттық салада бірлесе жұмыс істеудің үлкен әлеуеті бар деп санаймыз. Бұл тек жаңалықтар мен ақпараттық сүйемелдеуге ғана қатысты емес, сонымен қатар сериалдар, әлеуметтік жарнама және деректі фильмдерде идеологиялық түпкі мазмұнды дұрыс жеткізу өте маңызды. Біз әр сериалдың сюжетіне заңды әрі әділ жазасын алған жемқор шенеуніктің оқиғасын негіз етіп алуды ұсынамыз. Барлық жерде емес, кейбір сәттерге қосуға болады , – деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жемқорлыққа қарсы күреске мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінгенін айта келе, бұл індетпен күресу барша қоғамға міндет екенін жеткізді. Бұл орайда мемлекетшілдік сана алға шығуы тиістігін атап өтті. «XI ғасырда ғұмыр кешкен ибн Халдун кезінде «Қоғам да адам сияқты, өседі, өнеді, өркендейді, өледі. Ал сол қоғамның, өркениеттің, мемлекеттің өлуіне себеп болатын бұл – ынсапсыздық пен ысырапшылдық» деген екен. Ол кезде, әрине, жемқорлық деген сөз болған жоқ. Осы ынсапсыздық пен ысырапшылдық жемқорлықтың түбірі екені белгілі. Одан үш ғасыр бұрын өмір сүрген Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтты білік» еңбегінде бұл індеттің емі ретінде адамдық пен адалдықты, парасаттылық пен пайымды, қанағат пен қайырымды атайды. Әрине, «Құтты білік» ілімінің Әл-Фарабиде де, Абайда да жатқандығы белгілі. Адам бар жерде, қоғам бар жерде бұл індеттің өмір сүре беретіні де рас. Сондықтан Елбасымыз тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап осы індетпен күрес жөнінде тапсырмалар беріп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында жемқорлықпен ымырасыз жаппай күресті енгізген болатын. біз агенттік тарапынан қыруар жұмыс атқарылып жатқанына куә болып жүрміз. Бұқаралық ақпарат құралдары агенттіктің жұмысын көрсете білуі керек. Жасырын емес, агенттіктің аты айбарлы да ызбарлы естіледі. Жұрт күмән тудырып жатады. Бірақ көріп отырғанымыздай көрсеткіштер 70 пайызға өскен. Дегенмен, әлі 30 пайыз қоғам өкілдері күмәнмен қарайды деген сөз. Сондықтан ақпарат құралдары осы сенімді қалыптастыруда септесуі тиіс. Жауапкершілік, азаматтық ұстаным, мемлекетшілдік сана бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ең бастысы себеппен емес, салдармен күрес жүргізген жөн. Бұл орайда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің өзектілігімен ерекшеленеді. «Рухани жаңғыру» дегеніміз адамның ғана емес, қоғамның жаңаруы, жаңғыруы, тазаруы, ағаруы. Мұнсыз кемел адам болу, кемел қоғам құру мүмкін емес. Парасаттылыққа жету Абайдың толық адам концепциясында айтылған. Президент де жақында осы мәселені айта отырып, Абайдың бұл тұжырымдамасы өмірдің барлық саласында салтанат құруы тиістігін атап өтті. Әсіресе, біздің мемлекеттік қызметкерлердің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің және басқа да салалар Абайдың «толық адам» концепциясын басшылыққа алса алмайтын қамал жоқ деп есептейміз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз», - деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының қоғамда белсенді жүргізілуіне ықпалдасу үшін өңірлерде республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабтары құрылған болатын. Маңғыстау облысы бойынша ақпараттық үгіт-насихат штабына «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева жетекшілік етеді. Штаб құрамында «Маңғыстау-Медиа» ЖШС орынбасары Әлия Телеуғали, журналистика ардагері Мейрамбай Қибасов, қоғам белсендісі Амалбек Имаш, Ш.Есенов атындағы КМТИУ жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының филиал жетекшісі Маржан Шамиева және республикалық адвокаттар коллега президиумының мүшесі, белгілі адвокат Радик Өмірболатов, «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева, «Маңғыстау» телеарнасының басшысы Бекзат Жүсіп, сондай-ақ «Сбербанк» АҚ филиал директоры Данияр Утюгенов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Марат Сибасов бар.
Жайық НАҒЫМАШ