Уақытша тоқтаған пойыздар мен автобустардың рейстері туралы ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Үкіметі коронавирустың ел аумағына таралуын болдырмау шараларын қабылдап жатыр. Осыған байланысты 2020 жылғы 27 қаңтардан бастап Алматы – Нұр Жолы – Үрімжі, Өскемен – Майқапшағай – Үрімжі, Жаркент – Қорғас – Құлжа, Аягөз – Бақты – Зимұнай бағыттарында автобус қатынастары уақытша тоқтатылды», - деді Самат Ғылымов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, сондай-ақ осы жылдың 1 ақпанынан бастап №13/14 Алматы-Үрімжі, №53/54 Нұрсұлтан - Үрімжі бағыттарында қатынайтын жолаушылар пойыздарының бағдары Достық стансасына дейін қысқартылады (ҚР шекарасы аясында). Яғни, бұл пойыздар Достық стансасына дейін барады да, Қытай аумағына кірмейді. Сол секілді №103/104 Үрімжі - Алматы жолаушылар пойызы қозғалысын Қытай теміржолымен қалыптастыру тоқтатылады. 1 ақпаннан бастап Достық - Алашанькоу, Алтынкөл - Қорғас бағыттары бойынша да темір жол қатынасы уақытша тоқтатылады», - деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдаған болатын.