Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ телевизиясының құрметті ардагері, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі Сұлтан Оразалиннің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын.
Сұлтан Шәріпұлы отандық телеарнада жемісті жұмыс істеп, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғырып, көгілдір экранда насихатталуына мол үлес қосты. Саяси-әкімшілік қызметті де абыройлы атқарды. Авторлық құқық, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық саясат, терминология мен ономастика мәселелерін көтеріп, көкейкесті ойлары мен ұтымды бастамаларын қоғам назарына ұсынды. Қарымды қаламгер ретінде шығармашылық жолда да табысты еңбек етті.
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына әдеби мол мұра қалдырған Сұлтан Шәріпұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.